Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша асыра орындаған көлемді өтейді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша асыра орындаған көлемді өтейді / mmg.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан ОПЕК+ келісіміне сәйкес жыл басынан бері асыра орындаған мұнай өндіру көлемін біртіндеп өтеуге міндет алды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

«ОПЕК+ министрлік 37-ші кездесуі шешімінің қорытындысы бойынша  Қазақстан өтемақының егжей-тегжейлі жоспарын дайындады, оған сәйкес 2025 жылғы қыркүйекке дейін 1-ші жартыжылдықта асыра орындалған көлемдерді біртіндеп өтейді», – деп жазылған министрлік хабарламасында. 

Министрлік еліміздің өз міндеттемелерін сақтау және белгіленген өтемақы жоспарына сәйкес артық өндірісті өтеу үшін бар күшін салатынына сендірді. Қазақстан ОПЕК+ келісіміне бейімділігін растайтынын және ОПЕК+ қатысушы елдермен бірлесіп қабылданатын шешімдерді қолдайтынын мәлімдеді.

Бұған қоса, министрлік 2024 жылдың маусым айындағы барлық қайталама өндіріс көзінен толық деректер алынғаннан кейін ОПЕК+ хатшылығына жаңартылған өтемақы жоспары ұсынатынын хабарлады.

Еске сала кетсек, былтыр мамырда ОПЕК + елдерінің бір бөлігі мұнай өндіруді ерікті түрде төмендете бастады.

Ал тамызда Қазақстан мұнай өндіру бойынша ұйым квотасын орындай алмады.

Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Бұл жөнінде 30 қарашада ұйымға мүше елдердің министрлерінің кездесуінен кейін, Қазақстан энергетика министрлігі хабарлады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі тәулігіне 1468 мың баррельге дейін азаюы мүмкін. Қазіргі таңда министрлік ірі мұнай өндіруші компаниялардың акционерлерімен мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздерді бастады. Әр тараппен қысқартудың қолайлы нұсқалары мен көлемі қарастырылып жатыр.

ОПЕК+ бұл ОПЕК-ке кірмейтін, бірақ осы ұйыммен және мұнай өндіру мен экспорттаудағы кейбір мәселелерде өзара әрекеттесетін мемлекеттер қауымдастығы. Оның құрамына 11 ел кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Бразилия, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан, Оңтүстік Судан.

Сондай-ақ оқыңыз