Рекордтық көрсеткіш: Алматы туризмі қалай дамып жатыр?
Алматыдағы туризм пандемия кезеңіне дейінгі көрсеткіштерден асып түсіп, рекорд жаңарып келеді. Almaty Tourism Bureau дерегінше, кейінгі бес жылда туристік сала қала бюджетіне үш есе көп табыс әкеле бастаған. Kursiv Media тілшісі Almaty Tourism Bureau директоры Камила Лұқпановамен қаладағы туризм жайлы сұрап, саланың қалай дамып жатқанын білді.
Камила Лұқпанова Алматыда қалалық туризм жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Статистикалық деректер де бұған дәлелі бола алады.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы Алматыға 2 038 417 турист келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден 52,7%-ға артық. Ал шетелден келетін туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 29,5%-ға артты. Осылайша Алматы туризм бойынша елдегі көшбасшы қала болып отыр», – дейді ол.
Камила Лұқпанова Алматыда тау туризмі және гастрономиялық, іскерлік туризм белсенді дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Кейінгі жылдары гастрономиялық туризмді қолдау аясында қалада түрлі фестивальдар ұйымдастырылып жүр.
«Бұл фестивальдер аймақтың бай аспаздық мәдениетін көрсетуге және әлемнің түкпір-түкпірінен осы сала мамандарын тартуға көмектеседі. Іскерлік туризм бизнес-саяхатшыларды тартуға бағытталған, бұл бизнес инфрақұрылымының дамуына және қала экономикасына салынатын инвестицияның артуына ықпал етеді», – дейді бюро директоры.
Маман Алматыға келетін туристердің сұранысына қатысты деректермен де бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, туристер Алматыға әсем табиғат пен биік тауларды көру үшін келеді.
«Шетелдік туристер де, еліміздің өзге өңірінен келетін туристер де Алматыға бірдей сұраныспен келеді. Туристердің көпшілігі, атап айтқанда, 43%-ы биік тау мен таңғажайып табиғат үшін келеді. Іле Алатауы сияқты тау жоталары туристерді көркем көріністерімен, жаяу серуенге ыңғайлы болуымен баурап алады. Шаңғы тебу үшін арнайы келетіндер де бар», – дейді ол.
Алматыға келетін туристердің келесі легі, яғни 21%-ы – өнерді бағалайтындар. Камила Лұқпанова бұл топ үшін де қалада көрер дүние жетерлік екенін айтады. Ал олардың ең көп баратын жері – Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы және Абай атындағы Қазақстан мемлекеттік академиялық опера және балет театры.
«Ал туристердің 17%-ы белсенді өмір салтын бағалайды. Оларға велосипед тебу, тауға өрмелеу және көлде жүзу сияқты әртүрлі спорттық және ашық ауада іс-шаралар ұсынылады. Шымбұлақ, Медеу сияқты курорттық аймақтар қысқы спортты ұнататындар мен жазғы серуендерге тамаша жағдай жасайды», – дейді Камила.
Ал қала өмірін көремін деген туриске бюро мамандары көрсететін жер жетерлік деп отыр. Камила Лұқпанова Алматы туристерге гастрономия саласында кең таңдау ұсынатын аспаздық алуандығымен танымал екенін қосты. Оның айтуынша, жергілікті мейрамханалар мен кафелер қазақтың дәстүрлі тағамдарын да, әлем халықтарының тағамдарын да ұсынады. Ұлттық тағамдар, оның ішінде бесбармақ пен қазы сияқты ет тағамдары дәмханаларды қызықтырып, аймақтың аспаздық дәстүріне қанық болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Алматы ерекше тарихи және мәдени көрікті жерлерімен де туристердің көңілінен шығады.
Almaty Tourism Bureau директорының айтуынша, елімізге келген әрбір екінші шетелдік турист Алматыны таңдайды. 2023 жылы шетелдік туристердің 57%-ы Алматыға алыс шетелдерден келген.
«Ұлттық статистика бюросының 2023 жылға арналған статистикасы бойынша Алматыға ең жиі келетіндер – Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ туристері. Америка Құрама Штаттарынан келген туристердің біздің алғашқы бестікке енуі Американың Қазақстанға белсенді қызығушылық танытып отырғанын көрсететін ерекше маңызды көрсеткіш деуге болады. Америкалық туристер қаламызды бірегей табиғи және мәдени ерекшеліктері, сондай-ақ қонақжайлылығы мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттары үшін бағалайды. Олардың алғашқы бестікке кіргені Алматының халықаралық аренада танымал және беделді туристік бағытқа айналып келе жатқанын растайды», – дейді ол.
Алматыға келетін туристердің көбі – жастар. Камила мұның да себебін түсіндіріп көрді.
«Mastercard деректері негізінде жасалған Алматыдағы орташа туристің портреті жас әрі белсенді саяхатшының бейнесін көрсетті. Келушілердің көпшілігі, яғни 36,4%-ы 25 пен 34 жас аралығындағы топ өкілдері. Бұл жастардың жаңа мәдениет пен шытырман оқиғаларды зерттеуге деген құштарлығын көрсетеді. Ал туристердің 27,3%-ы 45 пен 54 жас аралығындағылар. Бұл қаланың тәжірибелі және әуесқой саяхатшылар үшін де тартымды екенін білдіреді. Алматы салт басты саяхатшыларды да, оның асқақ таулары мен бай мәдени мұрасын бағалайтын қосақталып жүретіндерді де тартады. Мұнда келетін туристер әдетте қалада 4-7 күнге тұрақтайды», – дейді маман.
Камила Лұқпанов туристер көбейген сайын, қонақүй бизнесі жақсы дамитынын айтады. Ол қазір елде қонақүй орындары жетіспейтінін тілге тиек етті.
«Қазіргі уақытта Алматыда туристер ағыны артып келеді. Сондықтан қонақүйдегі төсек-орын жетіспеушілігі байқалып жатыр. 2023 жылы жалпы 11 388 нөмір болды, бірақ барлығында жұлдызды бағалау стандарты жоқ. Кейінгі бес жылда Hilton, Accor және InterContinental сияқты халықаралық желілік брендтерді қоса алғанда, 1345 нөмірі бар 12 жаңа қонақүй ашылды. Өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, 2027 жылға қарай нөмірлердің жалпы санын 1,5 есеге арттырып, 17 мың бөлмеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қалалық инфрақұрылым мен экономикаға да оң әсер етеді», – дейді ол.
Туризм саласының маманы қазір туристер өзін жайлы сезінуі үшін өзге де шаралар қолға алынып жатқанын айтады. Соның ішінде қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрету де бар.
«Мақсатымыз – әрбір турист өзін үйдегідей сезінуі және кез келген тілде, соның ішінде ағылшын, қытай және басқа да халықаралық тілдерде оңай сөйлесуі үшін жағдай жасау. Сондықтан қызмет көрсету саласында істейтін, туристермен тікелей қарым-қатынас құратын мамандарға тіл үйрету маңызды деп есептейміз», – дейді ол.
Сонымен қатар қазір қалалық тау туризмін дамыту жұмыстары да қолға алынып жатыр. Камила Лұқпанова бюро қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатқанын айтады.
«Таулы маршруттар желісін кеңейтіп, белсенді демалыс үшін инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кейінгі жылдары жаяу және велосипед жолдарының желісі айтарлықтай кеңейді, саябақтар мен алаңқайлар жаңартылды. Бұл қала өмірін жергілікті тұрғындар үшін де, туристер үшін де уақытты ыңғайлы әрі қызықты етеді», – дейді ол.
Бюро директоры Алматыдағы туризмді дамыту бойынша әлі көп жұмыс істелетінін айтады. Қазір мамандар туризм саласын жетілдіруге бағытталған 2025 және 2030 жылға дейінгі ұзақ перспективадағы даму бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатыр.