Екінші жартыжылдықта ЖИ дүрбелеңінен ең көп пайда табатын Apple, AMD және Intel болады – сарапшы

Жарияланды
2024 жылдың екінші жартысында Apple, AMD және Intel акция бағасы жөнінен сала көшбасшылары Nvidia мен Broadcom-ді қуып жетуі мүмкін / Фото: Reuters / Florence Lo

Apple, AMD және Intel 2024 жылдың екінші жартысында жасанды интеллект саласында қуып жетіп, басып озған жеңімпаз болуы мүмкін деп есептейді Melius Research сарапшысы. Оның пікірінше, ЖИ дүрбелеңінен басты пайда табушылар өсуді бәсеңдетеді, ал басқа технологиялық компаниялардың акциялары көшбасшыларды қуып жете бастайды деп жазады Barron’s.

Толығырақ

Apple және екі чип өндіруші: Intel және Advanced Micro Devices акциялары 2024 жылдың бірінші жартысында ЖИ дүрбелеңінен өсуге қуатты серпін алған жоқ. Бірақ екінші жартысында «маңдайы жарқырайды», – дейді Melius Research сарапшысы Бен Рейтцес.

Ірі технологиялық компаниялардың ЖИ-ді өрістету мақсатында инфрақұрылымға қаржы құйғанынан ЖИ дүрбелеңінің алғашқы алты айында ең көп пайда тапқан Nvidia, Broadcom және басқа да бірнеше чип өндіруші болды. Сарапшы инвестицияның бұл қарқыны баяулауы мүмкін деп біледі. «Алайда бұл бәсеңдеу ЖИ көпіршігінің жарылғаны емес, Apple, AMD және Intel сияқты басқа технологиялық компаниялардың пайдасына қарай бет бұрғаны болуы мүмкін» – дейді Рейтцес талдап жазған мәтінінде.

«Біз жартылай өткізгіш, жабдық, тіпті бағдарламалық қамтамасыз етумен де айналысатын кейбір компанияда қуып жететіндей өсу әлеуетінің барына әлі де сенеміз. Бұл – болашағынан анау айтқандай үміт күттірмейтін компаниялар» деген сарапшының сөзін келтіреді Melius Research Barron’s.

Неге өзге емес, дәл Apple, AMD және Intel?

AMD ЖИ деректерін өңдеу орталықтарына арналған графикалық процессор жасау саласында Nvidia-мен біраз бәсекелесіп көрді. Бірақ Рейтцес ЖИ чипі желісінің кеңеюін емес, десктопты процессордың сұранысқа ие болатынын айтады. Бұл саланың ірі ойыншысы AMD мен Intel, ал Microsoft жаңа Copilot+ компьютерін шығарғаннан кейін жеке компьютерге деген сұраныстың жоғары болатынын болжаған.

«AMD осы циклдардан пайда ажырата алады, өйткені, біріншіден, оның ЖИ үдеткішінен үміт аз, екіншіден, Intel секілді емес, оның фабрика жөнінен еш мәселесі жоқ. Алайда Intel-дің онша танымал еместігі оған маусымдық секіріс жасауға мүмкіндік береді», – деп жазды сарапшы.

Apple компаниясына келетін болсақ, оның өткен айда өзінің ЖИ стратегиясын жариялағаннан бері «үздіксіз өсіп келе жатқанын» атап өтті. Рейтцестің пікірінше, ЖИ орнатылған жаңа iPhone-ның сатылымға шығарылуы екі жыл бойы смартфоннан түсетін табыстың шамамен 20%-ға өсуімен «суперциклға» әкелуі ықтимал.

Wedbush сарапшысы Дэниел Айвс та Apple өз құрылғыларын жаңартудың жаңа циклынан ұтады деп есептейді.

«Болжанғаннан әлдеқайда табысты шыққан 2024 жылдың бірінші тоқсанынан кейін нарықта iPhone сатылымының өсуіне қатысты оптимизм белгілері пайда бола бастаған секілді. Енді біз екінші тоқсанды Қытайдағы сатылым құлдыраған соңғы тоқсан болады және үшінші тоқсанда өсім басталады деп есептейміз» деген Айвстың сөзін келтіреді Barron’s.

Акция жайы

Apple-дің бағасы дүйсенбі, 8 шілдедегі саудада 0,15%-ға, 226,7 долларға дейін өсті. Жыл басынан бері қағаздары 17,7%-ға қымбаттады. MarketWatch мәліметі бойынша, компанияның қағаздарын бақылайтын 47 сарапшының 31-і сатып алуға, 13-і ұстап отыруға, ал үшеуі сатып жіберуге шақырады. Уолл-стриттің консенсустық бағасы – 213 доллар.

Дүйсенбі, 8 шілдеде AMD акциялары 2,71%, 176,5 долларға дейін жетті. Жыл басынан бері чип өндіруші 19,8%-ға қымбаттады. Компанияны бақылайтын 49 сарапшының көбі оның акцияларын сатып алуды, 10 сарапшы ұстап отыруды ұсынады. Сатуға кеңес бергені жоқ. Консенсустық баға – 190 доллар.

Intel акциялары 5,5%-ға, яғни 33,78 долларға дейін қымбаттады. Жыл басынан бері компания құнының үштен бір бөлігін жоғалтқан. Оның қағаздарын қадағалайтын 47 сарапшының көбі ұстап отыруға, 13 сарапшы сатып алуға, ал төртеуі сатуға шақырады. Орташа таргет – 39,7 доллар.

Сондай-ақ оқыңыз