ЖИ дүрбелеңі, сатылым дұрыс болмаса да, Apple бағаларын биыл 17%-ға көтерген болатын. iOS пен жаңа iPhone-ға жасанды интеллект енгізудің арқасында Apple акциялары тағы 17%-ға өседі деп болжайды Wedbush Securities.
Толығырақ
Қыркүйекке жоспарланған iPhone операциялық жүйесін жасанды интеллект сервистері бар iOS 18 нұсқасына дейін жаңарту Apple смартфондары сатылымын арттырып, ЖИ әзірлеушілеріне 1,5 млрд iPhone пайдаланушысын қолжетімді етеді. Осы жаңалық әрбір Apple акциясын 30-40 долларға дейін қымбаттатуы мүмкін деп жазады Wedbush сарапшысы Дэн Айвзаға сілтеме жасай отырып Business Insider. Оның осы бір жарқын болжамы 17%-ға өсуді меңзейді.
Өткен айда Apple әзірлеушілер конференциясында (WWDC) iPhone, MacBook және iMac-қа арналған ЖИ сервистер жиынтығы – Apple Intelligence-ті ұсынды. Айвздың болжауынша, жыл ішінде нарықта Apple құрылғыларына арналған жүздеген ЖИ қосымшалар пайда болады.
Apple Intelligence іске қосылғанда купертинолық компанияның ЖИ саласындағы тұтынушылық революция есігінің кілтіне ие болатынын Уолл-стрит енді ғана сезіне бастады деп жазады Айвз. Сондай-ақ «Apple үшін бұл – сервистердің жоғары маржалық сегментінің жылына 10 млрд долларға өсуі деген сөз» делінген мақалада. Биылғы күзде жаңа iPhone 16 сатылымының басталуы одан әрі өсу әлеуетін қамтамасыз етеді деп есептейді Wedbush сарапшысы.
MT Newswires-тің айтуынша, Wedbush сарапшыларының тобы маусым айында аяқталған тоқсан Apple үшін Қытайда сатылым төмендеген соңғы тоқсан болды дейді. Үстіміздегі тоқсанда жаңа iPhone желісі шығып, сатылым артады деп күтеді Wedbush сарапшылары.
Акция жайы
Былтыр жыл соңында Айвз 2024 жылдың соңына қарай Apple-дің капиталдануы 4 трлн долларға дейін барады деп болжаған болатын. Жыл басында сатылым төмендесе де, компанияның капиталдануы 17%-ға жуық өсіп, 3,5 трлн долларға жетті. Айвз енді келесі жылы Apple 4 трлн доллар тұратын болады деп отыр. Wedbush Apple үшін «нарықтан жоғары» рейтингісін беріп, әр акцияға 275 доллар мақсатты баға белгіледі. FactSet мәліметі бойынша, Apple акцияларын бақылайтын 47 сарапшының 31-і сатып алуды, 13-і ұстап отыруды, тек үшеуі ғана сатуды ұсынады.