Қызыл теңіздегі жол қайтадан ашылуы ықтимал болғандықтан, кеме ұстаушы компаниялардың акциялары құлдырады
Қызыл теңіз бен Суэц арнасы арқылы жүк тасымалы қайтадан жанданатын болса, жүк кемелерін жалдау ақысы екі есе дерлік арзандайды деп жазады The Wall Street Journal. Газадағы атыс пен хуситтер шабуылы тоқтаған жағдайда, жолы қысқарып, түсірер пайдасы азаятын кеме ұстаушы компаниялардың акциясы дүйсенбі, 8 шілдеде 4,5%–8%-ға төмендеді.
Толығырақ
Әлемдік ірі жүк тасымалдаушылар: Cosco Shipping, Orient Overseas, Evergreen Marine, Yang Ming Marine Transport, A.P. Moeller-Maersk және Hapag-Lloyd қағаздары дүйсенбі, 8 шілдеде күрт арзандады деп хабарлайды The Wall Street Journal.
— Гонконгта Cosco Shipping акциялары 8,02%-ға, ал Orient Overseas International акциялары 6,46%-ға төмендеді.
— Тайбэде Evergreen Marine қағаздары 4,62%-ға, Yang Ming қағаздары 6,64%-ға арзандады.
— Франкфуртта Hapag-Lloyd бағасы 4,81%-ға, ал Копенгагенде Maersk акциялары 5,16%-ға құлдырады.
Жүк тасымалдаушылар акциясы неге құлдырады?
Кеме ұстаушы компаниялардың акциялары хусит көтерілісшілеріне Қызыл теңізде өтіп бара жатқан кемелерге оқ атуға тоқтау салатын Газаға қатысты келісім жасалады деген болжамға байланысты арзандады. Иранның жаңа сайланған президенті де өңірде бейбітшіліктің орнауына ықпал етуі мүмкін дейді WSJ. Контейнерлік кемелер операторларының жүк тасымалы үшін алатын ақысы қараша айынан бері күрт өсті. Оған себеп болған – кемелердің Қызыл теңізге бара алмай, жолы ұзарып, Қайырлы үміт мүйісі арқылы Африканың оңтүстік жағынан айналып өтуге мәжбүр болуы. Неғұрлым жол ұзақ болған сайын, соғұрлым жүк тасымалына көп кеме қатыстырылады. Суэц арнасындағы жолдың қайтадан ашылуы жүк тасымалы ақысын азайтады, ал ең бастысы, көп кемені тасымалдан босатып, жалдау мөлшерлемесін тең жартысына дейін төмендетеді деп есептейді WSJ.