Жаңалықтар

Wedbush Meta акцияларының мақсатты бағасын 19%-ға көтерді

Wedbush жарнамаға деген жоғары сұраныстың арқасында Meta-ның кірісі мен операциялық пайдасы өседі деп күтеді / Фото: Reuters/Peter DaSilva

Wedbush сарапшылары Мета акцияларының мақсатты бағасын 19%-ға, яғни 570 долларға дейін көтерді. Олар иелігінде Instagram, Facebook және WhatsApp бар компания сервистеріне жарнама орналастыруға деген сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Meta-ның негізгі табыс көзі – жарнама. Кеше ғана 2%-ға арзандаған акциялары АҚШ-тағы таңертеңгі саудада сәл-пәл қымбаттады.

Толығырақ

Meta акцияларының мақсатты бағасын Wedbush 480-нен 570 долларға дейін көтерді деп хабарлады Investing.com банк сарапшыларының жазбасына сілтеме жасай отырып. Олар онлайн жарнама нарығын зерттеу нәтижесіне сілтеме жасады. Зерттеу жылдың екінші тоқсанында, әсіресе, Meta сервистеріне деген сұраныстың жоғары екенін көрсеткен деп хабарлайды басылым. АҚШ-тағы жарнама берушілерден түсетін табыс бес тоқсан бойы жедел өскен. Үшінші тоқсанда да осы үрдіс жалғасуы мүмкін. Wedbush жарнама берушілердің 44%-ы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жарнама шығындарын 10%-ға арттыруды жоспарлағанын анықтады.

Сауалнаманың қорытындысы банк күткен мөлшерден асып түсті. Жарнама берушілердің жарқын көңіл-күйі Meta құнының алда өсетінін білдіреді деп есептейді Wedbush. Сондықтан ол компанияның екінші тоқсандағы және бүкіл 2024 жылдың қорытындысы бойынша түсімі мен операциялық пайдасына қатысты болжамды мөлшерін жоғарылатты. Жаңа тоқсандық болжам – 38,4 млрд түсім, бұл 2023 жылдың екінші тоқсанынан 20%-ға, Wedbush-тың алдыңғы болжамынан 2%-ға жоғары. Банк Meta акцияларының рейтингісін Outperform («нарықтан жоғары») санатында сақтап қалды. Бұл – компания қағаздарын сатып алуға шақырғандық.

2024 жылдың бірінші тоқсанында Meta-ның жиынтық кірісі шамамен 36,5 млрд доллар болып, 2023 жылғы қаңтар–наурыз айларындағыдан 27%-ға көп шықты. Meta-ға табыс түгел дерлік жарнамадан түсті. Бірінші тоқсанда жарнама 35,6 млрд әкелді. Бұл – өткен жылдың бірінші тоқсанының нәтижесінен 27%-ға жоғары мөлшер.

Акция жайы

Wedbush-тың жаңа мақсатты бағасы 8 шілдедегі сауда жабылар кездегі бағадан 7,7%-ға жоғары, яғни 529,32 доллар. Meta акциялары дүйсенбі, 8 шілдеде 1,96%-ға арзандады. 2024 жылдың басымен салыстырғанда, компания қағаздары қазір шамамен 50%-ға қымбат.

9 шілдедегі таңертеңгі саудада Meta акциялары шамамен 0,5%-ға өсті.

Өзге сарапшылардың пікірі

8 шілдеде Wells Fargo да Meta акцияларын Overweight санатына қойды, ал мақсатты бағасын 593-тен 625 долларға дейін көтерді. Шілдеде тағы екі инвестициялық компания Meta акцияларын Buy санатында сақтап қалды, яғни сатып алуға батыл шақырады деген сөз. Canaccord Genuity мақсатты бағаны 575-ден, ал Raymond James 550-ден 600 долларға апарды. Сарапшының көбі Meta акцияларын сатып алуға кеңес береді: олардың 49-ы Buy, жалпы 67-ден жетеуі Overweight рейтингісіне қойған дейді FactSet. Сегіз сарапшы қағаздарды (Hold рейтингісі) ұстап отыруды, ал үшеуі сатуды (Underweight және Sell рейтингтері) ұсынады.