Қазақстандықтардың жеке дерегін таратып жіберген микроқаржы ұйымы жалғыз акционеріне 2021 жыл үшін 1,7 млрд теңге дивиденд төлемек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Робокэш» ЖШС акционеріне 2021 жыл үшін 1,7 млрд теңге дивиденд төлейді. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың жеке дерегін таратып жіберген «Робокэш» ЖШС микроқаржы ұйымы жалғыз акционеріне 1,7 млрд теңге дивиденд төлемек. Бұл МҚҰ Zaimer.kz және TezCredit.kz атымен жылдам несие береді.

Қор биржасында жарияланған хабарламада дивиденд 2021 жыл үшін төленетіні жазылған. Үш жыл бұрынғы пайда есебінен жалғыз акционері -ROBOCASH РТЕ. LTD компаниясына 1,7 млрд теңге дивиденд еуромен төленеді.

Сонымен қатар компания 2021 жылғы қаржы есебін бекіткен. Есепке сәйкес, 2021 жылы компания 2 млрд теңгеге жуық таза пайда тапқан. Ал 2020 жылы 7 млрд теңге шығынға батқан. Микроқаржы ұйымының сол кездегі активі 9,4 млрд теңгеге тең болған. Ал міндеттемелері 7,3 млн теңгені құраған.

Компанияның 2022-2023 жылғы аудиторлық есебінде микроқаржы ұйымының табысы еселеп өскені байқалады. 2022 жылы МҚҰ 8,4 млрд теңге таза пайда тапса, 2023 жылғы таза табысы 12,7 млрд теңгеге жеткен.

Компанияның 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебіне сәйкес, оның түпкілікті бақылаушы тұлғалары Түркия азаматы Сергей Седов пен француз Валин Пол Жак Тьерри деп жазылған. Ал eGov мәлімет бойынша, микроқаржы ұйымы 2020 жылы Алматы қаласында тіркелген. Бас директоры – Алмаз Торутаев болса, құрылтайшысы ROBOCASH RTE. LTD. деп көрсетілген.

2024 жылдың 5 наурызында Zaimer.kz арқылы қазақстандықтардың 2 миллионнан аса жеке дерегі тарап кеткені белгілі болды.  Оны Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ анықтаған. МҚҰ-ға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz 2 миллионнан астам клиентінің жеке дерегін таратқанын хабарлады.

Ізін ала Цифрлық даму министрлігі жеке дерегі таралып кеткен азаматтарды «Робокэш.кз» ұйымынан моральдық шығын өтеп алу үшін сотқа жүгінуге шақырды. Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен. Соның арасында микроқаржы ұйымынан моральдық шығын өндіру туралы да өтініш болған. 

Сондай-ақ оқыңыз