Мүгедектігі бар, көп балалы отбасынан шыққан немесе ата-анасынан айырылған түлектер арнайы квотамен мемлекеттік грантқа түсе алады. Бұл туралы KURSIV MEDIA KZ-ке сұхбат берген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабылдау комиссиясының өкілі Айдар Жұмалипов айтты.
Грант конкурсына қандай құжаттар тапсыру керек?
«Биылғы мектеп бітірушілер, содан кейін былтырғы оқу жылында ҰБТ тапсырмағандар, колледж бітіріп жатқан түлектер ҰБТ тапсырып болғаннан кейін республикалық конкурсқа құжаттарын тапсыра алады. Бұл конкурс 13-20 шілде аралығында болады», – дейді комиссия өкілі.
2024 жылы бірқатар өңірдегі су тасқынына байланысты төтенше жағдай енгізілген 4 облыстағы түлектер 24 шілдеге дейін құжат тапсыра алады.
Құжаттар тізімі:
- Мектеп аяқтағаны туралы аттестаттың түпнұсқасы (колледж бітіруші түлектерге диплом);
- Жеке куәліктің түпнұсқасы және көшірмесі;
- 3×4 сурет;
- 075-медициналық тексеруден өту анықтамасы;
- 063-денсаулық кітапшасы;
- Арнайы жеңілдіктері бар болса, соны дәлелдейтін құжаттар.
Қандай жеңілдіктер қарастырылған?
«Квоталар бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Конкурсқа қатысу барысында жеңілдік берілетін топтарға жататыны туралы қажетті құжаттардың түпнұсқасын алып келеді, біз көшірмесін жасап аламыз», – дейді Айдар Жұмалипов.
Квотаға ілінетін топ өкілдері:
- Көп балалы отбасы;
- Толық емес отбасы;
- Ата-анасы жоқ балалар;
- Қандастар;
- I, II, III топтағы мүгедектігі бар түлектер;
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға қатысты құжат;
- Ауыл квотасы;
Комиссия өкілінің айтуынша, квота бойынша сіздің алған ҰБТ балыңызға балл қосылмайды. Квота бойынша бөлінген орындарға тапсырған талапкерлер арасында конкурс болады. Кімнің балы жоғары сол өтеді.
«Көп балалы ата-ана болса, яғни төрт немесе одан көп балалы болса, барлық баланың туу туралы куәліктерін алып келуі қажет және ол балалар 18 жасқа толмаған болуы қажет. Балалар 18-ге толып, университетте оқитын болса, ЖОО оқитыны туралы анықтама қажет», – деді ол.
Айта кетейік, квота белгілі бір университетке емес, республикалық конкурсқа беріледі.
Ауыл квотасына келсек, бір орынға қаланың баласымен ауыл баласының балы бірдей болып, жетістіктері де сәйкес келсе, ауыл квотасы бар бала өтеді.
«Барлық берілген мамандық бойынша ауыл квотасы болмайды. Ол берілмеуі де мүмкін. Ауыл квотасы бойынша жеке құжат қарастырылмайды. Ол аттестатта ауылдық мектеп жазылған болса жеткілікті. Жүйеге құжаттарды енгізу барысында белгілі бір мамандықтарға ауыл квоталары шығады», – деді комиссия өкілі.
I, II, III топтағы мүгедектігін дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы керек. Құжат тапсыру кезеңінде мерзімі өтіп кетпеген болуы қажет.
Құжатты онлайн немесе оффлайн тапсыруға болады
Құжат тапсыру үшін өзіңіз оқығыңыз келетін университетке бару міндетті емес. Өз өңіріңіздегі оқу орнына құжат тапсыруға барып, басқа қаладағы университеттің арнайы кодын алғашқы қылып белгілеуге болады. Грантты жеңіп алғаннан кейін ғана тапсырған құжатты жергілікті оқу орнынан алып, өзіңіз грант ұтып алған университетке өткізуіңіз керек.
Онлайн тапсыру үшін құжатты университеттердің сайтына кіріп, сілтеме бойынша өтесіз. Құжаттардың барлығы PDF нұсқада тапсырылуы қажет.
«Электронды түрде бейнежазба арқылы құжат тапсыруға болады. Бала 18 толмаған болса, бейне жазба жүргізу кезінде жанында ата-анасы отыруы қажет. Бейне жазба Microsoft Teams немесе Zoom арқылы жүргізіледі», – дейді комиссия өкілі.
Айта кетейік, грантқа тапсыру кезінде әртүрлі университеттен 4 түрлі мамандықты таңдай аласыз (1 мамандықты екі рет белгілеудің қажеті жоқ).
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 20 маусымнан басталған еді. Ғылым және жоғары білім министрлігі түлектерге ЖОО-ға түсуге құжат қабылдайтын күнтізбе жариялаған