Жаңалықтар

Апелляциялық сотқа арыз берген Қайрат Нұртас мерзімінен бұрын босап шыға алмайтын болды

Қайрат Нұртас мерзімінен бұрын босап шыға алмайтын болды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Аружан Махсотова

Астана қалалық соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы бірінші инстанцияның үкіміне шағымданған әнші Қайрат Нұртасты мерзімінен бұрын босатпайтын болды.

«Астана қалалық сотында Қайрат Айдарбековке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс апелляциялық тәртіппен қаралды», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Қайрат Нұртастың адвокаты бірінші сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, 434-баптың 2-бөлігі бойынша шағымданып, қылмыстық құрамның болмауына байланысты соттан іс жүргізуді  тоқтатуды сұраған. Алайда сот бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

«Қаулының күшін жою үшін негіз анықталмағандықтан апелляцияның 2024 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың сот актісі өзгеріссіз қалдырылды», – делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен әнші ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

Бірінші сатыдағы сот Қайрат Нұртастың ұшақ борында жанжалдасу кезінде азамат жолаушыға қол жұмсап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, төбелес кезінде балағат сөздер айтқанын анықтаған еді.