Жаңалықтар

Қазақстандағы ақылы жолдар тарифі 20 пайызға қымбаттайды

Ақылы жолдар: жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте болған жиында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі басқа елдермен (Ресей, Беларусь, Түркия, Қытай, Польша және т.б.) салыстырғанда айтарлықтай төмен. Осыған байланысты, күтіп ұстауға жұмсалатын шығынды толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20% өсіру мәселесі пысықталуда», – деді министр.

Бұл ретте, жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылатын болады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталады.

«Тағы бір күрделі мәселе, ол жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасады», – деді ведомство басшысы.

Бүгінгі күні ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3 мың 2 жүз шақырымды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалған.

Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарлануда.

Бұл ретте мына учаскелерде тариф қымбаттайды:

  • Қызылорда-Арал;
  • Ақтөбе-Орынбор;
  • Қостанай-Тройцк;
  • Қостанай-Денисовка;
  • Ақтау-Бейнеу;
  • Қандыағаш-Мақат;
  • Балқаш-Бурылбайтал;
  • Бурылбайтал-Шу;
  • Үшарал-Достық;
  • Қарағанды қаласының айналма жолы;
  • Тараз қаласының айналма жолы.

Сонымен қатар министр ақылы жолдардың ақысын уақытында төлемегендерге қанша теңге айыппұл салынатынын айтты.

«Жүйеге сәйкес қазір ақылы жолдарды пайдаланғанда сізге бірден төлем ақысы келеді. Ол жақта шлагбаумдар жоқ. Сол төлемді көлік жүргізушісі екі аптаның ішінде төлемеген жағдайда ЕРАП жүйесі автоматты түрде айыппұл жібереді. Бұл «Сергек» жүйесіне ұқсас. ЕРАП-пен интеграция жасалған», – деді министр.

Оның айтуынша, айыппұл көлемі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде көзделген, шамамен 5 АЕК-ті (1 АЕК – 3 692 теңге) құрайды. Шетелдік көліктерге де дәл осындай айыппұл салынады. Сонымен бірге шетелдік көліктерді бақылау бойынша тағы екі қосымша құрал қарастырылған. Біріншісі, Көлік инспекциясы оларды тоқтатып, айыппұл салу үшін арнайы алаңға алып барады.

Екіншісі, елден шығатын кезде шетелдік көліктер электронды талон алуы керек. Бұл талон айыппұлы бар, ақылы жолдарды төлемеген көліктерге мүлдем берілмейді. Яғни елдің ішіне кірген көлік ақшасын төлемесе, елден шыға алмайды.

Министр тарифті көтеру мәселесін бұған дейін көтерген еді. Айтуынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері ақылы жолдың тарифі өзгермеген. Марат Қарабаев тарифті көтеру арқылы ақылы жолдың сапасын жақсартамыз деген болатын.

Бұған дейін Көлік министрі елдегі ақылы жолдардың бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан екенін айтты.