Жаңалықтар

«Шетелдік компания мен қазақстандық мердігер арасында өзара келіспеушіліктер болды»: Көлік министрі Алакөлге апаратын жолдың құрылысы неге ұзаққа созылғанын түсіндірді

Алакөлге апаратын 768 шақырым жолдың 80%-ы аяқталған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үш жылға жоспарланып ұзаққа созылған Алакөлге апаратын «Талдықорған – Өскемен» жолының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте КУРСИВ тілшісінің қойған сауалына жауап берген Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Жол халықаралық қаржы ұйымының есебінен қаржыландырылды. Жобаны іске асыру барысында бірнеше жағдай болды. Жергілікті мердігер компаниямен келіспеушіліктер болды. Оның барлығы артта», – деді министр.

Жуырда ведомство Алакөлге апаратын учаске құрылысы аяқталғанын хабарлаған. Алайда ол негізгі «Талдықорған – Өскемен» жолы болмай шықты.

«Біз кеше іске қосылды деп хабарлаған жобамыз ол «Үшарал – Достық». Ол басқа жоба. Яғни Ақшиге баратын Үшарал мен Достық арасында жүретін 180 шақырым жол іске қосылды. Ал «Талдықорған – Өскемен» жолының жалпы ұзындығы 768 шақырым. Ол жақта қазір бізде проблемалық Аягөздің айналма жолы бар. Ал жыл соңына дейін Аягөздің айналма жолын бітіреміз», – деп түсіндірді Қарабаев.

Оның айтуынша, жалпы 768 шақырым жолдың 80%-ы аяқталған. Шілде айында 91 шақырымнан тұратын Жетісу облысындағы кейбір учаскелер іске қосылады.

«Жолдың өзі 16 учаскеден тұрады. Сол 16 учаскенің Өскемен жағынан келе жатқан 40 шақырымы іске қосылды. Биыл жолды толық бітіреміз», – деді министр.

Үш жылға жоспарланған жол құрылысы неге алты жылға созылды?

«Кезінде шетелдік қаржы тартылды. Пандемия кезінде жұмыс тоқтап, сол кезде қаржыландыру тоқтады. Оның үстіне шетелдік мердігермен ішкі қазақстандық мердігер арасында өзара келіспеушіліктер болды. Бірақ оның барлығы артта қалды. Биыл жоба толығымен іске қосылады», – деген уәде берді Көлік министрі.

Бұл ретте министр жол құрылысына шамамен 300 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, аталған жолдың құрылысы 2017 жылы басталады деп хабарланған. 2018 жылы жоба үш жылда аяқталады деп уәде етілген. Алайда жолдың құрылысы алты жылдан аса уақытқа созылды.

Сонымен қатар Qazaq Air әуе компаниясы 20 маусымда Алакөлге қосымша рейстер ашты. Туристік бағыт ретінде «Астана – Үшарал – Астана» және «Алматы – Үшарал – Алматы» маршруты ұсынылады. Ұшақтар аптасына төрт мәрте қатынамақ.

Алакөл – Қазақстандағы шипалы көлдердің бірі. Көлемі жағынан Балқаштан кейін екінші орында. Оның тереңдігі 75 метрге дейін барады. Көлге 15-тен астам өзен құяды. Туристік нысан ретінде кеңінен танымал.