Қазақстандықтар жарты жыл ішінде БЖЗҚ-дан 200 млрд теңгеге жуық қаржы алды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
БЖЗҚ-дан алынған қаражаттың 60%-ы тұрғын үй сатып алуға жұмсалған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

БЖЗҚ 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында барлығы 176,7 мың өтінішті өңдеді. Оның  нақты сомасы 199,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро хабарлады.

Зейнетақы қоры деректеріне сүйенсек, салымшылар бұл қаражаттың шамамен 60%-ын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алған. 2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш артқан. Алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,6 есе, өтініштер саны 3,7 есе өсті.

«Мұндай елеулі айырмашылық бір жыл бұрын қабылданған заңнамадағы өзгерістермен байланысты. Жаңа Әлеуметтік кодекс қаражатты жеке басқаруға беру мүмкіндіктерін кеңейтті. Сондай-ақ қызмет атқарған жылдары бойынша зейнеткерлерге міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100%-на дейін тұрғын үй үшін және емделу үшін алуға мүмкіндік берді», – деп түсіндірді бюро.

Алайда болашақта қаражатты алу бойынша талаптар қайтадан өзгеруі мүмкін. Осыған қатысты Еңбек министрлігі мен Бірыңғай зейнетақы қоры арнайы есептеулер жүргізіп жатыр.

Қазақстанда әлемнің көптеген елі сияқты аралас зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Ол екі негізгі элементтен тұрады. Біріншісі – бөлінетін зейнетақы жүйесі. Оған мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері кіреді. Екіншісі – бүгінде толығымен Бірыңғай зейнетақы қоры арқылы жүзеге асырылатын міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл ретте сарапшылар тұрғын үй мен емделуге қаражат алуды шектеуді ұсынды.

Еске сала кетсек, Үкімет кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сарапшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражатты мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынғанын айтты. Өз кезегінде министрлік бұл ұсынысты қолдап отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз