Париж олимпиадасына Қазақстаннан 80 спортшы барады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Париж олимпиадасына Қазақстан 92 лицензия алды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Франция астанасында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы аттанады. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел спортшыларының ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы есебінде айтылды. Сондай-ақ лицензиялық турнирлердің қорытындысы жөнінде баяндады. 

Министрдің ақпаратына сүйенсек, төрт жылда бір өтетін әлем додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды.

Сондай-ақ Маржықпаев ұлттық құраманың Олимпиадаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары мен спортшыларды қолдау шаралары және спортты басқару институттарын жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты есеп берді.

Президент Тоқаев Олимпиада ойындарының спортшыларымызға зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, Қазақстан құрамасы әлем алдында мәдениетті, ұстамды әрі озық үлгілерімен ерекшеленуге тиіс екеніне назар аударды. 

Айта кетейік, Францияның астанасындағы жазғы Олимпиада ойындары шілденің 26 мен тамыздың 11 аралығында өтеді.

Қазақстан Ұлттық құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне конкурс қайтадан жарияланған. Ұлттық құраманың киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеу конкурсында ешбір қатысушының эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпаған. Конкурс қорытындысы бойынша Ұлттық құрама костюмдерін испандық компанияға тігетін болды.

Сондай-ақ оқыңыз