Ұлттық банк Сәтбаевтың 125 жылдығына марганец түсті сақинасы бар ерекше монеталар шығарады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Ұлттық банк Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнап монеталар шығарады / Фото: Ұлттық банк, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Ұлттық Банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан QANYSH SÁTBAEV. 125 JYL коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.

«Монеталар шығарылымы кеңестік геолог-ғалым, ғылым және қоғам қайраткері, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына шығарылды», – делінген ҚҰБ хабарламасында

Монета номиналы 2000 теңгелік және 200 теңгелік болып екі түрде шығады. 

Таралымы 300 данамен шығатын 2000 теңгелік монетада марганец рудасының, минералдың түсін білдіретін күрең қызыл түске ие тантал сақинасы бар. Айта кетейік, Қаныш Сәтбаев Жезді ауылының маңынан марганец рудасын тауып игерген. Марганец Ұлы Отан соғысы кезінде броньды техникаға арналған болат қорытпалар өндірісінде кеңінен қолданылған. 

Ал мельхиор қоспасынан дайындалған 200 теңгелік монета 5000 данамен шығады. Монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы – brilliant uncirculated.

Монеталардың барлық түрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдануға, елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады. 

Жаңа монеталардың сатуға қашан шығатыны туралы ақпарат алдағы уақытта ҚҰБ ресми сайтында қосымша хабарланатын болады.

Қазақстан Ұлттық банкі 28 маусымда 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 10 000 теңгелік банкнотаны айналымға шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз