Прокуратура органдары заңсыз иемденілген активтерді анықтау және қайтару бойынша жұмыс жүргізіп, мемлекет меншігіне 300 млн теңгеден астам кіріс түсірді. СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі осындай хабарлама таратты.
Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер Жер кодексінің талаптарын бұзып, жалпы ауданы 10,2 мың га болатын 14 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін ұзақ уақыт бойы өз мақсаты бойынша пайдаланбаған.
Прокуратура шараларымен жоғарыда аталған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, бүгінде заңды экономикалық айналымға енбек. Сонымен қатар Қызылжар ауданы прокурорының талабы бойынша қала маңындағы беделді аудандағы 47 гектар заңсыз берілген жер телімі мемлекетке қайтарылды. Қадағалау шараларымен жалпы сомасы 300 млн теңгеден астам активтер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағытта жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясын» құру көзделген еді. Комиссияның құрамында Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.
Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанына құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.