Жаңалықтар

Кинопремьера. Шілдеде қандай фильмдер прокатқа шығады?

Шілдеде прокатқа шығатын фильмдер / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шілде айында шетелдік қана емес отандық кино индустриясының көрерменге дайындаған жаңа туындылары баршылық. Kursiv Media шілдеде қазақстандық кинотеатрларда көрсетілетін фильмдер топтамасын ұсынады.

«Жексұрын Мен – 4»

Фантастика жанрындағы фильм 4 шілдеден бері прокатта. Гру мен оның көмекшілері көптен күткен «Гадкий Я» фильмімен оралып, көрерменмен 4-бөлімде қайта қауышады. Бұл жолы Гру өте қиын сынаққа тап болады. Сырт көзге жексұрын көрінсе де, іштей мейірімді Грю әлемдегі ең зұлым адам екенін дәлелдеу үшін Айды ұрламақ болады. Оған өзі құрған миньондар армиясы көмектеседі. Оның бұл ойына бәсекелестері мен өзі асырап алған үш кішкентай қызды күтіп-бағуға қатысты мәселелер кедергі болады.

Жексұрын Мен 4 | Ресми дубляждалған трейлер | Қазақша мультфильм 2024

Әзілге, әсерлі сәттер мен ұмытылмас шытырман оқиғаларға толы франшизаның жанкүйерлері бұл премьерадан қалмайтыны анық. 

«Жексұрын Мен 4» – биыл қазақша дубляждалған екінші фильм. Туынды дубляжын Universal Pictures студиясы қаржыландырған. Өткен айда прокатқа шыққан «Ойжұмбақ» туындысы қазақша үш аптада 125 миллион теңге касса жинап, дубляж әлемінде рекорд орнатып, мұндай контентке сұраныс барын дәлелдеген еді.

«Көршілер» 

Отандық комедия сюжетіне сәйкес, Сәбит деген басты рөлдегі кейіпкер – отставкаға шыққан полиция қызметкері. Оның Элеонора деген әйелі мен Ғабит деген ұлы бар. Олардың қаладағы басқа тұрғындарынан еш айырмашылығы жоқ. Бір күні қаладан келген отбасы көрші үйге қоныстанады. Сәбит пен Элеонора жаңа көршілерінің оғаш қылықтарын байқайды. Екі отбасының ойға келмейтін, абсурд қақтығысы қызық оқиғаның басталуы болады. 

Көршілер | Ресми трейлер | Фильм 2024

Фильмде басты рөлді Дариға Бадықова, Алмат Сақатов, Шынар Жанысбекова, Жанатбек Байтенов, Бекзат Жүнісов және басқалары сомдайды. 

«Жыртқыш» 

«Жыртқыш» фильмі – шынайы оқиғаға негізделген шиеленісті детективтік триллер. Фильм сюжеті қауіпті кәсібін тастап, туған ауылында жаңа өмір бастауға шешім қабылдаған білікті аңшының төңірегінде өрбиді. Алайда түрлі жұмбақ қылмыс олардың осы бейбіт тіршілігінің шырқын бұзады. Ауылдағы фермалардан мал жоғала бастайды, ал қасапханалар қарақшылардың нысанасына айналады.

Учаскелік полиция қызметкері тергеуді өз қолына алуға мәжбүр болып, тәжірибелі аңшыдан көмек сұрайды. Себебі тек аңшы ізін аңдып, ерекше дәлелдерге қол жеткізе алады. Тергеу кезінде олар қылмысты адамдар емес, одан да қорқынышты және түсініксіз дүние жасап жүр деп күдіктене бастайды.

Авторлар «Жыртқыш» көрерменге қызықты детективтік повесть ұсынып қана қоймай, оны фольклор мен мистика элементтерімен байытып, әдемі, бірақ оғаш пейзаждар фонында тылсым мен қауіп атмосферасын қалыптастыратынын айтады. 

Shulamah 

Отандық мюзикл – қазақша рэп арқылы әлемді мойындатқысы келетін және сол жолда түрлі кедергіге төтеп беріп келе жатқан жас артистер жайлы кинодрама. Фильмде жастар мәдениеті кеңінен баяндалады. Басты кейіпкерлер асқан арманына жетер жолда түрлі сынға да ұшырайды. 

SHULAMAH | Трейлер | В кино с 11 июля

Бұл фильмде көрермен кейіпкерлердің өз стилін жоғалтпастан, өз қалауын ұмытпастан, қоғамдық түрлі таптаурынға қарсы қалай күрескенінің куәсі болады. Авторлар бұл фильм музыка – тек ойын-сауық емес, әлемді өзгертуші ұлы күш екенін дәлелдей алады деп отыр. 

Актерлық құрамда Данияр Алшынов, Алмаз Мержақыпов сияқты танымал жұлдыздар бар.