Отыз күн ойын: Үндістандағы ең бай Амбани отбасының үйлену тойы алдындағы отырысқа кімдер келді
Соңғы бірнеше ай бойы әлеуметтік желіде Үндістандық бақуатты отбасының тойы туралы видеолар көріп жүрген боларсыз. Түрлі ақпарат агенттіктері тойға кеткен шығынды санап, өнер көрсеткен жұлдыздар тізімін жариялаумен болды. Бір қызығы, жас жұбайлар Анант Амбани мен Радхика Мерчанттың үйлену тойы 12-14 шілде аралығында өтеді. Бұған дейінгі жиынның бәрі той алдындағы отырыстар. Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлау осындай болса керек…
Осыған дейінгі отырыстарға тек әнші-бишілер ғана шақырылып қоймады. Марк Цукерберг, Билл Гейтс сынды бай кәсіпкерлер де мерекенің сәнін келтірді. Ең алғашқы отырысқа жақында ғана балалы болған Рианна шақыртылды. Әншіге 7 млн доллар көлемінде ақы төленді деген ақпарат бар. Наурызда күйеу жігіт пен қалыңдық Жерорта теңізіне круизге аттанды. Алпауыт кемеде Кэти Перри, Pitbull, Backstreet Boys, Андера Бочелли қонақтардың көңілін көтерді. Сондықтан тойға кімнің қатысатыны көпшілік үшін қызық болып отыр. Бұл жиындар да өзінше Мет Галаға айналғандай. Желі қолданушылары жұлдыздардың киімін талқылап, тойға кеткен шығынды санаудан шаршамай келеді.
Ақпарат көздері Джастин Бибердің кешегі өнеріне 10 млн доллар төленгенін жазып жатыр. Той иесі Мумбайға келген Биберді әуежайдан брондалған алтын түстес Mercedes-Benz көлігімен күтіп алды. Жұлдыз отырған көліктің жанында қару асынған күзетшілер отырған бірнеше Range Rover болды. Джастин Бибер жеке терминалдан шыққан. Алайда оның жеке ұшағымен ұшып келгені не той иелері арнайы чартер жібергені белгісіз. Той алдындағы отырыс Нита Мукеш Амбани атындағы мәдениет орталығында өткен. 2000 адам сыятын ғимарат Холлиудтағы Долби театрына ұқсатып салынған. Орталықтың төбесіне 8400 дана Swarovski гауһар тасы жабыстырылған.
Негізгі той, жоғарыда айтып өткеніміздей, Амбани әулетінің Мумбайдағы 27 қабаттық резиденциясында және 16 000 адам сиятын Jio World конференц орталығында өтеді. Тойға дайындалуға 9-12 ай кеткен. 50-ге жуық агенттік ат салысқан. Әлеуметтік желіде аста-төк тойды көріп, наразы болып жатқандар көп. Сондықтан да болар Үндістандағы бай әулет бірнеше күн бұрын жергілікті 50 жұпты жинап, неке қию салтанатын өткізіп берді. Ақпарат құралдарының жазуынша, Амбанилер тоймен шектеліп қоймай, зергерлік әшекейлер сыйлап, жас отбасыларды бір жылға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіпті.
Ұлының қуанышына дүркіретіп той жасап жүрген кім десеңіз – Мукеш Амбани. Йеменде туып, Мумбайда өскен, Стэнфорд университетінде МВА бағдарламасын тәмамдаған. Forbes тізімінен түспейтін азаматтың байлығын 115 млрд АҚШ долларына бағалаған. Ал өзі басқарып отырған Reliance мұнай компаниясы жылына 100 млн доллар таза пайда әкеледі екен. Одан бөлек қайырымдылықпен де айналысады. Жануарларды қорғау ұйымдарын қолдап, шіркеулер салуға көптеп ақша бөледі екен. Қалыңдық Радхика Мерчант – Encore Healthcare компаниясының маркетиң бойынша директоры. Бұған дейінгі отырыстарға біресе Versace сияқты қымбат сән үйдің, біресе үндістандық танымал модельер Маниш Матхотраның көйлектерін киген қалыңдық та бай әулеттен шыққан. Жоғарыда аталған Encore Healthcare фармацевтика компаниясы ата-анасына тиесілі. LinkedIn желісіндегі профиліне сенсек, 2017 жылы Нью-Йорк университетін тәмамдаған.