Жаңалықтар

«18 млн теңгеге дейін»: Министр жол бойындағы бір дәретхананы орнату мен күтіп ұстауға қанша қаржы кететінін айтты

Бір дәретхананы күтіп-ұстайтын адамға 300 мың теңге төленеді / kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Көлік министрі Марат Қарабаев жол бойындағы бір дәретхананы салуға және күтіп ұстауға кететін қаржының көлемін жариялады. Оның айтуынша, бір дәретхананы салуға шамамен 8 бен 18 млн аралығында қаржы кетеді. Ал оны күтіп-ұстаушыларға 300 мың теңге көлемінде айлық төленеді.

Ведомство басшысының айтуынша, жол бойында ескі тәсілмен салынған 761 салқын дәретхана бар. Қазіргі уақытта оларды жаңалау кезең-кезеңімен жүріп жатқанын айтады.

«Осы күнге дейін 108 әжетхана қойылды. Биыл қосымша тағы 48 дәретхана қойылатын болады. Басты мәселе жолдардың арақашықтығы үлкен, сосын оның қасында ешқандай елдімекен жоқ, оны күтіп-ұстау қажет. Күтіп-ұстау мәселесін шешу үшін дәретханаларды көбірек жанармай ауыстыру бекеттерінің ішінде, жол бойындағы туристік нысандардың немесе жергілікті нысандардың аумағында орналастыруды пысықтап жатырмыз. Жол маңындағы сервистік нысандар жоқ жерлерде біз қосымша бюджет есебінен орналастырып жатырмыз», – деді министр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол мұндай дәретханаларды күтіп ұстаушыларға қанша айлық төленетінін айтты.

«Бір дәретхананы күтіп-ұстауға сол маңдағы кісілерге 300 мың теңге төлеп отырмыз. Бірақ бұл да жетпейді. Өйткені ол 24 сағат бойы екі адам кезекшілікпен істеуі керек. Сонда бір адам басына 150 мың теңгеден келеді. Сол маңдағы жақындау ауылдардан адам тауып, соларға төлеп отырмыз», — деді министр.

Марат Қарабаев журналистің бір дәретхананы орнатуға қанша кететіні туралы сұрағына жауап берді.

«Ондай дәретхананың бағасы аумағына және орналасқан жеріне байланысты. Басында 8 милллионнан болды, қазіргі бағасы 8 бен 18 миллион теңге арасында болып тұр»,– деді Қарабаев.

Еске салсақ, осыған дейін Туризм министрі Ермек Маржықпаев туристік орындардағы антисанитария мәселесі қашан шешілетіні жайлы айтқан еді. Министр Қазақстанның туристік орындарында санитарлық орталықтар, яғни дәретханалар 2 жылдан кейін ғана пайда болатынын мәлімдеді. Айтуынша, мұндай туристер көп баратын орындарда жәй ғана дәретхана емес, санитарлық талаптарға сай нысандар салу көзделген.