Жаңалықтар

ФРЖ АҚШ-тың ірі банктерінің резервіне қойылатын талаптарды жеңілдетуі мүмкін

Пауэлл GSIB капитал жинақтау ережелерін қайта қарауда реттеушінің «айтарлықтай үлкен ілгерілеушілікке» қол жеткізгенін хабарлады / Фото: Reuters/Kevin Mohatt

Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) банктерді өз резервін ұлғайтуға мәжбүрлейтін жаңа талаптарды жұмсартуға жақын. ФРЖ-ның бұл қадамы ірі банктерге миллиардтаған доллар үнемдеуге мүмкіндік беріп, жалпы сала үшін ірі жеңіске айналар еді. Осы жаңалықтан кейін сейсенбі, 9 шілдедегі, саудада банктердің акциялары өсті.

Толығырақ

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл сейсенбі, 9 шілдеде, Сенатта сөйлеген сөзінде реттеушінің ірі банктерді қиындықтардан қорғау үшін резервте едәуір көп қаражат ұстауға мәжбүрлейтін өз жоспарын түзетуге жақын екенін мәлімдеді деп жазады Bloomberg.

«Біз айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік, сол себепті осы өзгерістердің мәні бойынша келісімге келуге өте жақынбыз, – деп мәлімдеді Пауэлл. – Менің де, кеңес мүшелерінің де бұлжымас пікірі сол, бізге, шынымен де, қайта қаралған ұсынысты қандай да бір кезеңге талқыға салу қажет».

ФРЖ-ның әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын алға тартып, жоспардың нақты қалай өзгертілетіні туралы Пауэлл ештеңе айтпады. Reuters дереккөздерінің мәліметі бойынша, ФРЖ банктер резервте ұстауға тиіс капиталды есептеу формулаларын жаңарту мүмкіндігін қарастыруда. Жаңартылған формулалар 2015 жылғы есептеулерде қаперге алынбаған әлемдік экономикалық өсімді ескере отырып, әлемдік экономикаға қатысты банктің әлеуетін көрсетеді. Бұл коэффициенттердің жаңартылуы банктердің жүйелік көрсеткіштері мен соған байланысты шоттардағы «мұздатылған» капиталға үстемеақыны төмендетеді деп хабарлайды агенттікке оның дереккөздері.

Мәселенің мәйегі

Орталық банк АҚШ-тың жаһандық жүйелік маңызы бар банктері (GSIB) үшін капиталдың қосымша деңгейін (GSIB үстемеақысы ретінде белгілі) есептейді. Бұл ереже банк жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру мақсатында 2015 жылы енгізілген болатын. Оны 2023 жылы бірнеше банк банкрот болғаннан кейін түзету туралы шешім қабылданды. Банктерге қойылатын талаптарды қатайтуды жақтаушылар резервті ұлғайту Silicon Valley Bank пен Signature Bank-тің құлдырауы айшықтаған кейбір мәселенің шешімі болады деп өзеуреген дейді Bloomberg.

ФРЖ 2023 жылдың маусымында ұсынған бастапқы жоспар бойынша АҚШ-тың ірі кредиторлары резервте 19%-ға артық капитал ұстауға тиіс болған. Оған банктер наразылық білдірді.

Несімен маңызды?

Капиталға қойылатын талаптардың жеңілдеуі Уолл-стрит банктері үшін үлкен жеңіс болмақ деп атап көрсетеді Bloomberg. Жүйелік маңызы бар сегіз жаһандық банк: JPMorgan, Citigroup, Bank of America, Wells Fargo, Goldman Sachs, Morgan Stanley, BNY және State Street несие ретінде экономикаға жіберетін миллиардтаған долларын үнемдей алады деп жазады Reuters.

Агенттік банктер үшін ақша үнемдеу, әрбірінің бизнес моделін қоса алғанда, бірқатар факторға байланысты екенін айтады. ФРЖ мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанында жаһандық жүйелік маңызы бар америкалық банктердің бәрін қосқанда 230 млрд доллар шамасында капиталы болды. Сондықтан тіпті болмашы өзгерістің өзі кейбір банк үшін айтарлықтай қаражат үнемдеуге себеп болуы мүмкін. Мысалы, Reuters есептеуіне сәйкес, JPMorgan мен Bank of America үшін 0,5% үстемеақы 8 млрд доллардан асады.

Банктер мен ФРЖ өкілдері Reuters агенттігіне түсініктеме беруден бас тартты.

Нарық қалай қабылдады?

Пауэллдің сөйлеген сөзінен кейін сейсенбі, 9 шілдедегі Нью-Йорктегі саудада GSIB тізіміне кіретін банктердің акциялары өсті: JPMorgan Chase & Co – 1,2%, Bank of America – 1,97%, Citigroup – 2,8%, Wells Fargo – 1,47%, Goldman Sachs – 1,72%, Morgan Stanley – 2,01%, BNY – 0,37%, State Street – 1,43%.