DeFi Technologies компаниясы платформа сатып алып еді, акциялары қымбаттай жөнелді
DeFi Technologies компаниясының құны 9 шілдеде 3%-ға өсті. Компания криптоактивтер саудасы бойынша биржадан тыс платформа Stillman Digital-ды сатып алу туралы келісім жасасқанын хабарлады.
Толығырақ
DeFi Technologies компаниясының акциялары сейсенбі, 9 шілдеде, биржадан тыс саудада 3,25%-ға қымбаттап, 1,27 долларға жетті. Жыл басынан бері олардың құны 150%-ға, ал соңғы 12 айда 1 530%-ға өсті.
DeFi Technologies сейсенбі, 9 шілдеде, Stillman Digital-дың екі заңды тұлғасын сатып алу туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Бұл – криптоактивтер саудасы бойынша биржадан тыс платформа мен цифрлық активтердің өтімділігін жеткізуші. Өтімділікті жеткізуші – иелігінде активтері бар делдал, ол мәміле орындалуы үшін криптовалюта жеткізіп, соның өтеуі ретінде сыйақы алады.
Мәміле мен оған қатысушылар туралы дерек
Stillman Digital 2021 жылы құрылған. Содан бері оның делдалдығымен жасалған цифрлық активтер саудасының көлемі 15 млрд доллардан асты делінген DeFi Technologies хабарламасында. Клиенттерінің қатарында жеке тұлғалар, сандық актив майнерлері, ритейлерлер, отбасылық кеңселер мен хеджқорлар бар делінген тағы компанияның сайтында. Олар ауызба-ауыз сөйлесу, телефон арқылы сөйлесу, немесе Stillman интерфейсі арқылы дербес мәміле жасай алады. Компанияға кіріс клиенттің бағасы мен сервистің ықтимал бағасы арасындағы айырмашылық есебінен келеді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында кіріс көлемі 8,35 млн канада доллары ($6,1 млн) болған.
Stillman енді DeFi Technologies компаниясының саудадағы мүмкіндіктерін кеңейтеді, клиенттік базасын әртараптандырады және кіріс ағынын тұрақтандырады дейді сатып алушы. Қазір DeFi еншілес компаниялар арқылы бірнеше бизнес бағытын дамыту үстінде. Сол еншілестерінің бірі – Valour бөлшек және институционалдық инвесторларға банктегі өз дәстүрлі шоты арқылы цифрлық активтерге, мысалы биткоинге, қол жеткізуге мүмкіндік беретін биржалық өнімдер (ETP) шығарады. 31 мамырда Valour-дың қолында 837 млн канада долларына (шамамен $610 млн) тең активтер болды. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл – 65%-ға артық көрсеткіш. DeFi Technologies-тің тағы бір бөлімшесі – DeFi Alpha. Оның мақсаты – криптожүйедегі тәуекел деңгейі төмен арбитраж мүмкіндіктерін анықтау. Криптоарбитраж деген – бірнеше нарықтағы немесе биржадағы сандық актив бағаларының айырмашылығынан пайда табу.
Бұдан басқа Stillman тағы бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр, оның ішінде шетел валютасын депозитарлық сақтау мен айырбастау есебінен пайда ажыратуды көздеп отыр, бұл – болашақта табыс әкелетін тірлік деп жалғастырады DeFi Technologies.
Келісім бойынша Stillman-ның бағалы қағаздарын DeFi Technologies өзінің 2,5 млн акциясына айырбастайды.
Сарапшылар не дейді?
Zacks Small Cap Research сарапшылары мамыр айының ортасында DeFi Technologies туралы «Пайданың бағаланбаған күші» атты есеп жариялады. Сол жерден көрінетіні, компания активтерінің өсуі биткоин бағамдарының өсуіне байланысты: криптовалюта 100 мыңға долларға жетсе, компанияның акциялары да 7 доллардан асады.