Қонаев қаласы мен екі ауданның бір бөлігі Алатау қаласы аумағына енеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: premierministr.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қонаев қаласы мен Іле, Талғар аудандары жерінің бір бөлігі жаңа қала аумағына енеді. Алматы облысының әкімдігі мен мәслихаты «Алатау қаласының шекарасын (шегін) белгілеу туралы» қаулы жобасын дайындаған. Жоба «Ашық НҚА» сайтында жарияланған.

«Алатау қаласының шекарасы (шегі), оның шегіне жалпы ауданы 88267,0086 гектар Қонаев қаласының, Іле және Талғар аудандарының кейбір жерлерін қоса отырып, белгіленсін», – деп жазылған құжатта.

Алатау қаласының аумағына 10937,0052 гектар Қонаев қаласының жері, 65213,0004 гектар Іле ауданы мен 12117,003 гектар Талғар ауданына тиесілі жер кіретін болады.

Қазақстанда жаңа қала пайда болатыны жайлы 2023 жылы 16 қарашада белгілі болған. Осы кезде «Ашық НҚА» порталына Алатау қаласын құру туралы қаулы талқылауға шығарылды.

Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласына айналды, Тиісті құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды, халқының саны – 52,7 мың адам.

Алатау Алматы қаласының солтүстігіне қарай орналасады. Бұл орын Алматы қаласын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады. Сонымен бірге А3 (Алматы – Қонаев) автомагистралі бойында орналасқан және «Жаңа Жібек жолы» бастамасының стратегиялық артықшылықтарына ие.

Алатау қаласының аумағы 4 негізгі аймаққа бөлінеді. Олар – Gate – қаржы және іскерлік орталығы; Golden – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы; Growing – өнеркәсіптік және логистикалық орталық; Green – туристік және ойын-сауық орталығы.

Сондай-ақ оқыңыз