Қазақстанның сыртқы борышы 2024 жылдың І тоқсанында 200 млн долларға азайған. Сыртқы қарыз 1 сәуірде 162,5 млрд доллар болған.
Ұлттық банк статистикасына сүйенсек, 2024 жыл басынан сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялардың есебінен 0,3 млрд долларға өскен. Есесіне бағалық, бағамдық және басқа өзгерістер есебінен 0,5 млрд долларға азайыпты.
Жалпы сыртқы борыштың басым бөлігі: 133,7 млрд доллар – жекеменшік сектордың сыртқы қарызы. Жыл басынан бері жеке сектор тартқан қарыз 0,7 млрд долларға артқан.
Мемлекеттік сыртқы борыш 13,3 млрд долларға тең болса, мемлекет меншігіндегі банктер мен кәсіпорындар сырттан 15,5 млрд доллар қарыз тартқан. І тоқсанда осы екі бағыттағы қарыз көлемі сәл қысқарғаны байқалады.
Ал мемлекет кепілдік берген сыртқы қарыз көлемі жыл басынан бері өзгермеген: 2,8 млрд доллар.
Қазақстан сыртқы борышының құрылымында 88,2%-ы – ұзақмерзімді (1 жылдан астам) сыртқы борыш.
«Бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады, ал екінші жағынан – жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді», – деп жазылған Ұлтты банк хабарламасында.
Сыртқы борыштың басым бөлігін бейрезиденттерден тартылған несие құрайды. Қазір оның үлесі 74,2%-ға жеткен. Сонымен қатар бейрезиденттердің қолындағы борыштық бағалы қағаздар (8,3%) басым.
Бас банктің мәліметіне қарасақ, Қазақстанның сыртқы борышы 2019 жылдың қаңтарынан бері 160-164 млрд доллар арасында қалыптасты. Мысалы, 2019 жылы сыртқы борыштың ЖІӨ үлесі 87,8%- ға дейін жеткен. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша Қазақстанның сыртқы борышы 162,7 млрд долларды құрап отыр. СБ ЖІӨ үлесі осылайша 87,8%-дан 62%-ға дейін түскен.
Кейінгі жылдары сыртқы борыш арасында мемлекеттік қарыз көлемі төмендеп келеді. Мысалы, 2022 жылы 1 қаңтардағы ақпарат бойынша, сыртқы борыш көлемі 18,4 млрд доллар болса, 2023 жылдың басында мемлекеттің борышы 15,7 млрд долларға дейін азайды. Ал 2024 жылдың қаңтарындағы ҰБ мәліметінше, мемлекеттің сыртқы борышы 14,0 млрд долларға дейін қысқарған. 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, 13,3 долларға дейін азайды.