Жаңалықтар

«Қалқаман» метро станциясының 2,5 жылға созылған құрылысын қайта бағалауға тура келеді

«Қалқаман» метро станциясының құрылысы 2,5 жылға созылды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алматы қаласындағы «Қалқаман» метро станциясының құрылысы 2,5 жылға созылып, жоба қымбаттауына байланысты қайта бағалауды талап етеді.

Мәжіліс ақпаратына сүйенсек, депутат Айдос Сарым және Сергей Пономарев Алматы қаласындағы «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысуға келген. Станция Абай даңғылы бойында Әшімов пен Айбергенов көшелерінің арасында салынып жатыр.

«Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» метро стансасы 2026 жылы пайдалануға берілуі керек. Құрылыс барысында сол жақ туннельде 936 метр, оң жақ туннельде 559 метр қазылған. Газбен жабдықтау, электр жүйесі, телекоммуникациялар мен су құбырының сыртқы желілерін көшіру жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Мәжілісмен Пономарев «Қалқаман» стансасына дейінгі желі құрылысы 2,5 жылдан бері жүріп жатқанына назар аударған. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде жоба қымбаттаған, сәйкесінше қайта бағалау мен мемлекеттік сараптаманы қажет етеді. Депутаттар заңнамалық деңгейде қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне көмектесетін болып келісті.

Осыған дейін Алматы қаласының соты метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айып тағылған 10 адамға қатысты үкім шығарды. Істің негізгі фигуранттары 7-8 жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Алматы метрополитені 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метро. Қазіргі кезде 11 бекеті бар: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов театры», «Алатау», «Сайран», «Мәскеу», «Сарыарқа» және «Б. Момышұлы».