Монополияға қарсы агенттік «Отбасы банктің» ипотека нарығындағы үлесін төмендетуді ұсынады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
«Отбасы банк» ипотека нарығында үстемдік ете ме? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылдан 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығындағы ипотека нарығына талдау жүргізді.

«Тұрғын үйді ипотекалық несиелеу қызметтері нарығы талданған кезеңде бәсекелестіктің жоғары деңгейде шоғырланғандығымен сипатталады», – деп жазылған Агенттік есебінде.

Талдау бойынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несие нарығында 4 банк тұрақты жұмыс істейді. Олар бірігіп үстем жағдайға ие. Атап айтқанда, бұл «Отбасы Банк», «Банк ЦентрКредит», Bereke Bank және Freedom Bank.

«Сонымен бірге «Отбасы Банк» мемлекеттік бағдарламалардан бөлек те ипотекалық несие нарығында үстем жағдайға ие. Яғни аталған нарықты бақылау мүмкіндігі бар және жалпы жағдайларға айтарлықтай әсер ете алады», – деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Нарықтағы бәсекелестікті арттыру үшін Агенттік бірқатар шаралар қабылдауды ұсынады. Біріншіден, қарыз алушының әлеуметтік жағдайына назар аудара отырып, ипотекалық несиелерді мақсатты субсидиялау.

«Ипотекалық несиені субсидиялау банктерді айналып өтіп, тікелей қарыз алушыларға бағытталуы керек. Банктер тек нарықтық мөлшерлемелерді ұсынуы керек және бір-бірімен бәсекелесуі керек», – деп хабарлады Монополияға қарсы агенттік.

Бүгінгі таңда мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысатын барлық банк субсидияланатын мөлшерлемеге байланысты бірдей шарттарға ие. Агенттік ұстанымынша, бұл олардың арасында бәсекелестіктің болмауына әкеледі.

Екіншіден, ведомство тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін мақсатты депозиттер ашу үшін БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы төлемдерді пайдалануға рұқсат беруді ұсынады. Бұл азаматтарға кез келген банкте тиімді шарттармен ақша жинақтауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және жалақыдан тұрғын үй заемы бойынша сыйақыны өтеу сомасы бөлігінде ипотекалық қарыз алушылар үшін жеке табыс салығын азайту ұсынылады.

Төртіншіден, Агенттік бастапқы жарнаға мемлекеттің қатысу механизмін енгізу қажет деп санайды. Осылайша, мемлекет әлеуметтік жағынан осал санаттағы адамдарға бастапқы жарна үшін несие бере алады. Содан кейін банк үйдің қалған құнына екінші несие береді.

Бесіншіден, Агенттік аралық және алдын ала несиелердің үлесін азайтып, «Отбасы банкін» нарықтағы коммерциялық несие сегментінен шығару қажет деп санайды.

Еске сала кетсек, «Отбасы банк» даму институтына айналады. Мұның бәрі Мәжілісте «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы аясында қарастырылуда.

Сондай-ақ оқыңыз