2024 жылдың басынан бері «Азық-түлік корпорациясы» ҰК акционерлік қоғамы 33 млрд теңгеге жуық қаржыға 300 мың тоннадан астам астық сатқан, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сүйенсек, сатып алушылар қатарында құс және мал шаруашылықтары, қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Жалпы сатылған астықтың 80 мың тоннасы экспортқа жіберілді.
Сонымен қатар Ұлттық компания Қытайға бидай, арпа және зығыр тұқымын жеткізу бойынша 11 экспорттық келісімшарт жасаған.
Корпорацияның резервтері ішкі және сыртқы нарықтағы сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 1,2 миллион тонна астық қоры бар.
«Азық-түлік корпорациясы көлемдерді сатудан түскен қаражатты несиелер бойынша пайыздарды өтеуге және жаңа өнімнен жыл сайынғы астық сатып алуға жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл астық пен жемшөптің тұрақты резервтік қорын қажетті көлемде жаңарту үшін қажет», – деп көрсетілген хабарламада.
Сондай-ақ алдағы уақытта да корпорация астық көлемін ұлғайту және жаңа нарықтарға шығу бойынша жұмыстарын жалғастыра бермек.
2024 жылы Қазақстандағы бидай экспортының бағасы арзандап, жөнелту қарқыны баяулаған еді.
Қазақстандағы бидай экспорты 2023 жылы қиындық көрді. Оған астық бағасының тым төмендеп кетуі, сонымен бірге сыртқы нарықтағы басты тұтынушы ел – Иранның біздің ел өнімдерінен бас тарта бастағаны себеп. Осыған байланысты Қазақстан бидай экспортының көлемін азайтты.