Бектенов Еуроодақ өкілдерімен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жоспарын талқылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Премьер-министр ЕО өкілдерімен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жоспарын талқылады / Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуропалық одақтың ҚР-дағы өкілдігінің елшісі Кестутис Янкаускас пен ЕО елдерінің дипломатиялық миссиялары басшыларының қатысуымен «Қазақстан – ЕуроОдақ» диалогтық платформасының 15-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі

Диалог платформасының отырысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және логистика саласындағы жобалар, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) аса перспективалы бағыттардың бірі ретінде дамыту жоспары талқыланды.

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде саналатын Қазақстан арқылы тауарлардың 85%-ға жуығы Қытайдан ЕО елдеріне тасымалданады. ТХКБ сауда ағыны үшін барынша ыңғайлы жағдай жасай отырып, бәсекеге аса қабілетті жеткізу мерзімін (12-15 күн) ұсынады.

«ЕО – Қазақстанның ірі әрі аса маңызды инвестициялық және сауда серіктесі. Біз барлық басым бағыттар бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Үкімет елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлестеріңіз бен қызығушылықтарыңызды жоғары бағалайды. Біз өзара тиімді серіктестікті арттыруға бағытталған ұсыныстарды әрқашан да қолдаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығарып, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мен нығайту ниетін растады.

Көлік министрлігінің мәліметі бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл Құрық портын тереңдету жоспарланған. Бұл кемелердің портқа кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету үшін қажет.

2024 жылдың 4 айдың қорытындысы бойынша аталған бағытта жүк тасымалы көлемінің өсімі 15 пайызды құрады. Құрық порты арқылы жүк көліктерінің өтуі 34 пайызға, ал Ақтау порты арқылы өтетін контейнерлер саны 27 пайызға өсті.

Қытайдан ЕуроОдақ елдеріне контейнерлік транзиттің өтуі 3,4 есе артқан. Ақпан айында Ақтау порты арқылы жөнелтілетін Қазақстан мұнайының экспорттық көлемі 287 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 76 мың тоннаға артық.

Сондай-ақ оқыңыз