Жаңалықтар

2024 жылы Шарын, Көлсай және Іле-Алатау парктеріне келген туристер саны екі есе артты

Шарын мен Көлсайға келген туристер саны екі есе артты / shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шарын шатқалы, Көлсай көлдері сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркі туристер көп келетін орынға айналды. e-Qonaq мәліметтері бойынша, Алматы облысына 2023 жылы 32 276 адам келсе, 2024 жылы келгендер 72 222 болған. Соңғы уақытта облыс орталықтарына келген туристер саны ғана емес, ұлттық парктерге келгендер саны да артқан.

2023 жылдың алты айында:

  • «Шарын» ұлттық паркіне 53 965
  • «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 97 104
  • «Іле-Алатау» ұлттық паркіне 274 184 адам келген.

2024 жылдың алты айында:

  • «Шарын» ұлттық паркіне 54 955,
  • «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 161 746,
  • «Іле-Алатау» ұлттық паркіне 358 847 адам келген.

Алматы облысы туризм басқармасының ақпаратына сүйенсек, облыстың туристік инфрақұрылымын дамытуға үлкен күш жұмсалып жатыр.

«Алматы облысы – табиғат сұлулығының, тарихи құндылықтардың және қонақжайлылықтың ортасы. Біз әрбір қонаққа жайлы жағдай жасау үшін туризм инфрақұрылымын дамытуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Алда үлкен жоспарларымыз бар. Алматы облысы Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналатынына сенімдімін», – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Алматы облысынан бөлек, Алматы қаласындағы туризм пандемия кезеңіне дейінгі көрсеткіштерден асып түсіп, рекорд жаңарып келеді. Almaty Tourism Bureau дерегінше, кейінгі бес жылда туристік сала қала бюджетіне үш есе көп табыс әкеле бастаған.