Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасап, қылмыстық немесе әкімшлік жауапкершілікке тартылған адамдармен бұдан былай қарай психологтар жұмыс істей бастайды. Бұл жайлы Денсаулық министрінің бұйрығында жазылған.
Министрлік Денсаулық сақтау ұйымдарында күш қолдану арқылы әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға психологиялық көмек көрсету қағидаларын әзірледі.
«Психологиялық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында зорлық-зомбылық қолдану арқылы әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың мінез-құлқын түзету және алдын алу мақсатында көрсетіледі», – деп жазылған құжатта.
Бұл қағидалар негізінде:
- деструктивті (зорлық-зомбылық) мінез-құлықтың себептерін анықтау;
- деструктивті (зорлық қолдану) мінез-құлықты өзгерту мотивациясын қалыптастыру;
- өзіне және басқаларға деструктивті (зорлық-зомбылық) мінез-құлықтың әкімшілік, әлеуметтік және экономикалық салдарын түсіну;
- деструктивті (зорлық-зомбылық) мінез-құлықты психологиялық түзету. Психологиялық түзету психологиялық әсер етудің арнайы құралдарын пайдалана отырып, психологиядағы немесе адам мінез-құлқындағы кемшіліктерді түзету;
- күйзеліске қарсы тұрудың психологиялық тәсілдеріне үйрету және эмоционалды бақылау дағдыларын дамыту;
- зорлық-зомбылық қолдануды болдырмайтын мәселелер мен жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерінің дағдыларын дамыту көзделген.
Сондай-ақ министрлік Денсаулық министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық жасап әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылғандармен жұмыс істейтін психологтарды арнайы оқытады.
«Зорлық-зомбылық қолдану арқылы әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға психологиялық көмек көрсету мақсатында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымының басшысы Зорлық-зомбылық қолдану арқылы әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға көмек көрсететін психологтарды тұрақты түрде, кем дегенде 5 жылда бір рет (60 сағаттан кем емес) оқытуды қамтамасыз етеді», – делінген құжатта.
Мұндай көмек стационарлық емдеуді қажет ететін аурулар болған жағдайда және жұқпалы аурулар анықталған жағдайда көрсетілмейді.
Еске сала кетсек, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайды. Бұл заң күшіне 16 маусым күні күшіне енді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату» туралы заңға 15 сәуірде қол қойған еді. Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.