Жаңалықтар

Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру қағидалары бектіледі

медицина
Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру қағидалары талқылауға шығарылды / Фото: kursiv.media

Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру ережелері бекітіледі. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ашық НҚА» сайтында жарияланған бұйрығында жазылған.

Құжатта медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, сақтандыру сыйлықақыларының ең төменгі мөлшерін белгілеу және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен шарттары, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру төлемдерін төлеу мерзімдерін бекіту мәселесі қамтылған.

Денсаулық сақтау субъектілері тармақшаларда көзделген медициналық қызметті жүзеге асырғанға дейін медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасауға міндеттеледі.

«Медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектісі бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушыларымен жасасатын бірлесіп сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады»,- делінген құжатта.

Құжатқа сәйкес медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шарты уәкілетті орган бекіткен мамандықтар мен мамандандырулар тізбесіне сәйкес жыл сайын жасалады.

Бекітілген шарттар бойынша медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы ретінде танылады.

«Медициналық қызметкерлер кәсіби қызметті жүзеге асырған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру ықтималдығы сақтандыру тәуекелі деп танылады», – деп көрсетілген құжатта.

Сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру қорғанысы Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен кейінгі күннің 00 сағат 00 минутынан бастап күшіне енеді және он екі ай бойы жарамды.

Айта кетейік, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектілері есебінен жүзеге асырылады.

Осыған дейін «Курсив» медицина қызметкерінің адам өліміне немесе мүгедектікке әкеп соқтырған қателігі үшін мемлекет қанша ақша төлейтіні жайлы жазған болатын. Атап айтқанда, науқас мүгедектігі үшін:

  • үшінші топ – 500 АЕК;
  • екінші топ – 600 АЕК;
  • бірінші топ – 800 АЕК;
  • мүгедектігі бар бала – 500 АЕК белгіленген.

Ал медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде науқас қайтыс болса – үш мың еселенген айлық есептік көрсеткіш төленеді.