Қызметтік жолын Антикордан бастаған: СҚО қылмыстық атқару жүйесінің басшысы жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды

Жарияланды
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті
СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында қызмет атқарған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы ұсталды. Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі растады.

Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Әділет Мұстафиновтың 1 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны жайлы ақпарат тараған болатын.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеу аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық іздестіру департаментінің бастығы ұсталғанын растайды. Қосымша ақпарат береміз», – деп хабарлады агенттік.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сайтында басқарма басшысы Мұстафинов Әділет Хажетұлы жайлы ақпарат орналастырылған. Ресми мәліметтерде оның Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын бітіргені, қызметтік жолында Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлық істерін анықтау және алдын алу департаментінде жұмыс істегені жазылған. Ал 2010 жылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесі саласында қызмет атқара бастаған.

Сондай-ақ Астана қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып, кейінірек қызмет бабымен Павлодар облысына ауысқан. Бұл өңірде 2020-2023 жылдар аралығында департамент басшысы қызметін атқарған. 2023 жылғы мамырда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалған.

Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше Жемқорлар антирейтингінде бірінші орында ІІМ тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Тілеукеновтің айтуынша, 2023 жылы барлық министрлік бойынша жемқорлыққа қатысты ең көп жағдайлар Ішкі істер министрлігінде тіркелген. Бұл ведомствода – 193 адам. Төтенше жағдайлар министрлігінда – 31 адам, Қаржы министрлігінде – 25 адам, Қорғаныс министрлігінде – 17 адам жемқорлықпен ұсталған.

Сондай-ақ оқыңыз