Жаңалықтар

«Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер»: Тоқаев Қазақстан олимпиада құрамасына Мемлекеттік туды тапсырды

Тоқаев Олимпиада ойындарын бақ сынайтын спортшыларға бүкіл халық жанкүйер болатынын айтты / Фото: Ақорда

Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына аттанатын Қазақстан құрама командасының мүшелерін қабылдап, оларға Мемлекеттік туды тапсырды деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын, үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын айтқан. Ол спортшыларға ел намысын қорғау сынды абыройлы міндет жүктеліп отырғанын атап өткен.

«Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды», – деді мемлекет басшысы.

Президент елімізде спортшыларға жағдай жасалып жатқанына тоқталған. Атап айтқанда, елді мекендерде арнайы алаңдар салынып, өткен жылы 70-ке жуық спорт орталығы ашылған.

«Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз», – деді Тоқаев.

Қазақстанда Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары ашылғанын, олардың бағындырған белестерін басқа да спортшылар бағындыра алатынына сенім білдірді.

«Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой», – деді президент.

Сонымен бірге Президент Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түсетінін айтты. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айта келе, оларға сәттілік тіледі.

«Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін», – деді ол.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.

Еске сала кетсек, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел спортшыларының ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы есебінде Парижге 80 спортшы баратыны жөнінде айтқан болатын. Төрт жылда бір өтетін әлем додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. 

Ал Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың мәлімдеуінше, Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалған.