Жаңалықтар

Нархоз университеті студентінің шағымынан кейін декан көмекшісі қызметінен шеттетілді

Декан көмекшісі қызметінен қуылды /Фото Нархоз универсиеті сайтынан

Алматыдағы Нархоз университетінің студенті Медина Фатима Майсар математика талдауы бойынша жазғы курстан жазықсыз шеттетіліп қалғаны жөнінде фейсбук парақшасына жазды. Ол деканның көмекшісі қысым көрсетуіне шағымданды.

Әлеуметтік желіде дабыл қаққан студентті ЖОО президенті Қанат Қожахмет қабылдап, оның құқығын қорғауға септескен.

Медина Фатима Майсар жаз кезінде математика талдауы пәні бойынша қосымша семестрге алдын ала тіркелген. Бірақ басқа логин мен құпиясөзді пайдаланып сайтқа кірген студенттер тізімнен біраз адамды сызып тастаған. Мұны Медиан Фатима курсқа үш апта бойы барғаннан кейін білген.

Студент мәселенің анық-қанығын білмекке эдвайзерлерге жолыққан. Олар ІТ бөлімге жол нұсқаған. Бөлім мамандары оған құлақ аспай, эдвайзерлер көмектесуі тиіс деген. Екі ортада сергелдеңге түскен студент курсқа қайтадан тіркеуге бас тартқандарын біледі.

Әбден қапа болған Медина Фатима Майсар деканға шағымдануды ұйғарады. Бірақ деканның көмекшісі – жоғары курста оқитын студентке тап болады. Ол да мұны әбігерге салады.

«2 апта бойы басшылық университеттің басқа бөлімдеріне жолығуға «нақты» себеп жоқ екенін  айтып, мені топ тізіміне қайта қосқысы келмеді», – деп Медина Фатима Майсар.

Ол әлеуметтік желіде пост жариялап, өз құқын қалпына келтіруді талап етті.

Бұл іске ЖОО президенті Қанат Қожахметтің араласуына тура келді. Университет басшысы студентті қабылдап, мән-жайға қаныққан.

«Деканат қызметкеріне қатысты өтінішті Этика жөніндегі комиссия қарастыруда – шешімге сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. Бүгінгі таңда бұл қызметкер жұмыстан шеттетілді», – деп жазды Қанат Қожахмет.

Осы оқиғадан кейін декан көмекшісі қызметінен қуылды, студентке өзі таңдаған курсты жалғастыруға мүмкіндік берілді.