Әлемдегі ең ірі 6 қор биржасы
Қор нарығы — әлемдік экономика жүйесінің маңызды бөлігі. Ол нарықтың басты сегментінің бірі ретінде биржа нарығын айтамыз. Мұнда сауда қызып жатады. Kursiv Media тілшісі әлемдегі ең ірі 6 қор биржасына шолу дайындады.
Нью-Йорк қор биржасы (New York Stock Exchange)
NYSE — АҚШ-тағы ғана емес, күллі әлемдегі ең ірі қор биржасы. 1792 жылы 17 мамырда Нью-Йорктың 24 брокері бірігіп, әйгілі Buttonwood Agreement-ке қол қойып құрған. Нью-Йорк қор биржасында әлемнің ең алпауыт корпорациялары бар. Басында мұнда бес құнды қағаз сатылған. Ал ең алғашқы тіркелген компания — Нью-Йорк банкі (қазіргі The Bank of New York Mellon). Тағы бір айта кететін қызық дерек, банктің негізін қалаушылардың бірі —10 долларлық банкнота суреті бейнеленген Александр Гамильтон (АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі). Нью-Йорк биржасының дамуына америкалық өнертапқыш Самюэль Морзе де ат салысқан. 1840 жылы ол алғашқы телеграфты патенттеген. NYSE өнертабысты қызметіне енгізіп, Америкадағы алғашқы биржаның негізі қаланған Филадельфияны басып озған. Қазір ол қор биржасы NASDAQ-та.
Дамуға септігін тигізген тағы бір оқиға 1878 жылы болды. Мұнда да технологияның қатысы бар. Атап айтқанда, инвесторларға биржадағы брокерлермен тікелей байланысуға мүмкіндік берген телефон аппарататтары орнатылған соң дами түсті. Қазіргі ахуалы баршаға белгілі. Әлемнің қай елінде отырған трейдер болсын, Нью-Йорк қор биржасына мониториң жасайды. Себебі NYSE қабылдаған шешім 10-12 сағаттан соң барлық еуропалық және азиядық баға белгіленімінде көрінеді. Бұл биржада қор нарығының бірнеше ірі әрі ықпалды индексі бар. Олардың қатарында мыналарды ерекше атап өтуге болады:
- Dow Jones Industrial Average. 30 ірі америкалық кәсіпорыннан акциялары бар. АҚШ-тағы ең ескі құнды қағаздар индексі десек болады.
- S&P 500 – Американың 500 акционерлік компаниясы бар. Әрі ол корпорациялардың қаржысы да сәйкесінше өте көлемді. Бұл индексті америкалық экономиканың барометрі деп атайды.
- NYSE Composite – америкалық құнды қағаздар индексі. Нью-Йорк биржасында сатылатын барлық акция бағасының өзгерісін көрсетіп тұрады.
Нью-Йорк қор биржасының басты ерекшелігі деп сауда құралының көптігі айтылады. Мұнда брокерлердің иелегінде 8 мыңнан астам акция бар. Әрі NYSE қызметін өте ашық жүргізеді. Барлығына бүкіл нәрсе ашық көрініп тұрады. Демек Нью-Йорк биржасы қолданушыларына арнайы жасалған бағдарламаларды қолдана отырып, трейдерлердің іс-қимылын бақылап отыруға болады. Осылайша нарықтың жалпы көрінісін көре аласыз.
NASDAQ
Америкалық биржаның толық атауы — National Association of Securities Dealers Automated Quotation. Электроника, бағдарлама жасақтамасы сияқты жоғарытехнологиялық акциялар орналастырылады. IBM, Microsoft, Apple, Tesla сияқы алпауыт компаниялардың акциясы осы NASDAQ-та сатылады. Америкадағы басты қор биржаларының бірі саналады. Нью-Йорк биржасы екеуі де әлемдік нарық капитализациясының 40 пайыздан астамына иелік етеді. Биржа америкалық NASDAQ OMX Group компаниясына тиесілі. 1971 жылы 8 ақпанда құрылған. Салыстырмалы түрде айтқанда, әжептәуір жас биржа саналады. Дегенмен «жас та болса, бас болған» деуге әбден болады. Қазір мұнда 3200-ден астам компания акциясын қойып, сатып жатыр. Биржадағы сауда дәстүрлі сауда схемасынан сәл басқаша. Бұл жерде бірнеше маркетмейкер (сауданы ұйымдастырып беру үшін белгілі бір эмитенттің құнды қағазын өз шоттарында ұстайтайтын брокер/дилер) клиенттің тапсырысын орындауға жарысады.
NASDAQ маркетмейкерінің басты функциясы — котировкаларды үздіксіз шығарып отырып, сауда кезінде белгілі бір акциялар тобының өтімділігін ұстап тұру. Яғни маркетмейкер клиенттің тапсырысы түскен кезде нарықта тиісті ұсыныс болмаса, өз резервінен алып орындауға міндетті. NASDAQ-тың акция бойынша баға маркетмейкерлер мен балама сауда жүйелері ұсынған котировкаларын сәйкестендіргенінің нәтижесінде белгіленеді. 2006 жылы Лондон қор биржасын сатып алуға тырысқанымен, арзан баға ұсынылып арада келісім жасалмады. Бірақ Лондон биржасы акцияларының 25,1 пайызын сатып алып, ірі акционері болып шыға келді.
Лондон қор биржасы (London Stock Exchange)
Қысқартып LSE дейді. Еуропаның ең ірі әрі ең ескі биржаларының бірі. Ресми түрде 1801 жылы негізі қаланған. Бірақ тарихы одан тереңде басталған. Атап айтқанда, 1571 жылы сол кездегі корольдің қаржы агенті әрі кеңесшісі Томас Греш Король биржасын өз ақшасына құрған екен. Ағылшын патшайымы I Елизабета биржаны өзі ашқан. Ал 2007 жылы Лондон биржасы Borsa Italiana деген италиялық қор биржасымен біріккен. 2016 жылы Лондон мен Шанхай биржалары сауда алаңдарын біріктіруге шешім қабылдаған. Қазір мұнда халықаралық келісімдердің жартысына жуығы жүреді. Лондон биржасының тізіміне өткен компаниялардың жиынтық сомасы 4 трлн доллардан асады.
Бұл биржа мүшелері брокерлер мен джобберлер деп екіге бөлінеді. Бір уақытта екі позицияда қатар жүруге болмайды. Әрі олар серіктес те бола алмайды. LSE брокерлері клиенттермен биржадан тыс жұмыс істейді. Олардың құнды қағаз сату не сатып алуға қатысты тапсырыстарын джобберлер арқылы орындайды. Ал джобберлердің қызметі дилерлерге қатты ұқсайды. Брокерлер еңбекақысын комиссиядан түскен табыстан алады. Ал джобберлердің табысы болса, құнды қағаздың сатып алғандағы мен сатқандағы айырмасына байланысты. Оларға клиентпен тікелей жұмыс істеуге тыйым салынған.
Токио қор биржасы (Tokyo Stock Exchange)
Токио қор биржасын қысқартып TSE дейді. Орналасқан компаниялардың нарықтағы капитализациясы жөнінен әлем бойынша төртінші, Азия бойынша бірінші орындағы биржа. Мұнда 3,5 мыңнан астам компания бар. Платформада түрлі саланың акциялары орналасқан. Ең танымалдарын атап айтсақ, Honda, Mazda, Toyota сынды автомобиль концерндері осында. Биржа 1878 жылы мамырда ашылған. Осы кезде Токиода Жапониядағы алғашқы қаржы ұйымы — қор биржасына арнап ғимарат салынған.
Токио биржасының алғашқы иелері әрі менеджерлері қатарында Жапонияның қаржы министрі Окума Сигэнобу, ұжым құқығымен айналысқан заңгер Сибусава Эйити бар. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Жапонияда 11 биржа жұмыс істеп тұрған. 1943 жылы барлығын Токио биржасының базасына біріктірген. Бірақ 1945 жылы Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан соң жабылып қалған. Токио биржасының ғимаратын америкалық әскерилер басып алған. Жапон үкіметіне билік берілгенге дейін оккупациялық әскердің штаб-пәтері осында орналасқан. Бір қызығын, ештеңеге қарамастан құнды қағаз сатыла берген. Бірақ барлық сауда жалпы биржа алаңында жүрмей, нақты инвестор мен акция, облигация иелері арасында жасалып келген. Соғыстан кейін жағдай жақсарып, Жапония әлемдегі экономикасы гүрлеген елдердің қатарына қосыла бастаған.
1974 жылға дейін биржада электрон кесте де болған. Құнды қағаздың бағасы кәдімгідей тақтаға бормен жазылатын болыпты. Бірақ соған қарамастан жапониялық компаниялардың акциялары 1968 жылдан басып қатты қарқынмен өскен. Токио қор биржасындағы басты көрсеткіш деп басты екі индексті айтуға болады. Олар —NIKKEI 225 пен TOPIX. Әсіресе, NIKKEI-дің сұранысы өте жоғары. Бүгінде Токио биржасында сатылатын барлық құнды қағаздың құны 5 трлн доллардан асып жығылады.
Шанхай қор биржасы (Shanghai Stock Exchange)
Қысқартып SSE деп атайды. Азиядағы көшбасшы биржалардың бірі. Қытайдағы ірі сауда алаңы. 1990 жылы негізі қаланған. Қытай Халық Республикасының құнды қағаздар бойынша комиссиясының қол астындағы коммерциялы емес ұйым. Биржада сатылатын барлық акцияны мынадай екі түрге бөледі:
- А-акциялар. Қытай юанімен сатылады;
- Б-акциялар. АҚШ долларымен белгіленеді. Шетелдіктер шектеусіз сауда жасай береді.
А типіндегі акцияларды 2014 жылдың қазанына дейін арнайы лицензиясы бар, белгілі бір квоталар шеңберінде ғана тек ірі инвесторлар сатып алып, сата алатын. Ал одан кейін Қытай Халық Республикасының үкіметі шетелдік инвесторларға брокерлер арқылы басқа Гонконг қор биржасы арқылы сатуға рұқсат берді. 2022 жылғы дерек бойынша, Шанхай қор биржасында 2 мыңнан астам компанияның акциялары орналасқан.
Гонконг қор биржасы (Hong Kong Stock Exchange)
HKSE деп қысқартып айтылатын қор биржасының тарихы 1891 жылдан басталады. Гонконгта Биржа маклерлері қауымдастығы құрылған кезде ашылған. 1914 жылы қазіргі атауына өзгертілген. Бұл биржада 1,6 мыңнан астам компания акциялары орналасқан. Олар 12 секторға бөлінген. Жалпы капитализациясы 6 трлн доллардан асады. Hang Seng Index Гонконг қор нарығының тиімділігін көрсететін басты индекс болып саналады. 2019 жылы Гонконг қор биржасы Лондон қор биржасын 36 млрд долларға сатып алмақшы болғаны бар.
Қор индексі деген не?
Қор не биржа индексі белгілі бір нарықта орналастырылған кейбір не барлық құнды қағаздың бағалары өзгерісін көрсетеді. Ол портфель секілді құрылады. Мұнда әр құнды қағаздың маңызы оның нарықтағы салмағына байланысты белгіленеді. Әлемдегі ең танымал қор индексі деп Доу Джонс (DJIA) айтылады. Ол АҚШ-тың 30 алпауыт өнеркәсіптің компаниясын қамтиды. Оның ішінде 28-і Нью-Йорк қор биржасында, екеуі NASDAQ-та сатылады. Одан кейінгі орында — S&P 500. Мұнда америкалық қор нарығыны капитализациясының 75 пайызын қамтитын NYSE пен NASDAQ-тың 500 ірі компаниясы бар. Қор биржаларының бірқатарында өз қор индекстері бар. Мысалы NASDAQ биржасында өзімен аттас NASDAQ индексі қолданылады. Биржада сатылатын барлық компанияларының акциясын таба аласыз.
Лондон қор биржасының ең танымал индексі — FTSE 100 Financial Times Stock Exchange Index. Оны «футси» деп атайды. Ол 1984 жылдың 3 қаңтарынан бері есептеліп келеді. Токио қор биржасында екі бірдей индекс бар: TOPIX және NIKKEI 225. Шанхай қор биржасы барлық акцияның күнделікті мәнін қолданатын SSE Composite индексімен жұмыс істейді. Одан бөлек, Қытайдың 50 жетекші компаниясын біріктірген SSE50 индексі де қолданылады. Гонконг қор биржасы болса, Hang Seng индексімен жұмыс істейді. Ол Гонконгтың 73 акционерлік қоғамының капиталдандыру бойынша ең ірі акцияларының орташа өлшенген мәні түрінде есептеледі. Бұл биржаның жалпы капиталдандыруының 65% құрайды.
Қор индекстері не үшін керек және одан қалай табыс табуға болады?
Олар нарықтың жалпы ахуалын бағалауға мүмкіндік береді. Яғни экономикалық циклдің қандай кезеңінде тұрғанын көрсетеді. Көбіне қор индекстерін бақылап отырып биржа аналитиктері нарықтағы трендтің өзгерісі жайлы мәлімдеме жасайды. Әрі ондай кезде акцияны сату керек, әлде сатып алу керек пе — кеңес айтады.
Биржада табыс табуға болатын бірнеше тәсіл бар. Біріншісі — биржа конторасын табу. Олармен келісімшарт жасасып, шотыңызға ақша саласыз. Мұндай жағдайда клиент ақша салса жеткілікті — сөйтіп ол табыс түскенін күтеді. Әрине, пайдаға бірден кенелем деп ойлаудың керегі жоқ. Келісімшартта барлығы егжей-тегжейлі жазылады. Дұрыстап танысып шығуыңыз қажет. Себебі шығын болуы да әбден мүмкін. Қанша пайыз болатыны да шамамен көрсетіледі.
Екінші тәсіл — барлығын өзіңіз жасау. Яғни акция сатып алып, біраздан кейін бағасы өскен кезде сатып жіберіп табыс таба аласыз. Болмаса, дивиденд алып отыруға болады. Енді бастағандар биржалық сауда-саттық қорларының акцияларын (ETF) қарастырып көрсе болады. Ол үшін акция сатумен айналысатын компания тауып, олармен келісімшарт жасасасыз. Арнайы бағдарлама жасақтамасын орнатып, қор нарығы жайлы біліміңізді арттыруыңыз керек. Себебі бақылап, түсініп отыруыңыз керек. Болмаса, акцияны қажет емес кезде сатып алып қоюыңыз мүмкін. Ондайда ақшаңыз ауаға кетеді.
Келесі бір әдіс — кәсіби трейдерлер қолданатын арнайы бағдарлама жасақтамасын орнатып. Мысалы Meta Trader4, Meta Trader5, Libertex және т.б. Сол арқылы дәл қазір не болып жатқанын бақылап отыра аласыз. Сөйтіп жүздеген компанияның акциясын сатып алып не сата аласыз. Баға айырмасының осылайша табыс табуға болады. Мұнда маржалық сауда механизмі қолданылады. Ол үшін тиісті бағдарлама жасақтамасын жүктеп, орнатып аласыз да. Клиенттің сауда шотына ақша саласыз. Ең бастысы, білім алуыңыз керек. Нарықта не болып жатқанынан хабардар болып отыру маңызды. Түсіну бастапқыда қиын болуы да заңдылық. Сондықтан жеңіл ақша табатын тәсіл деп ойламаңыз.