Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі және Бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінен босатылды.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Айжан Есмағамбетова басқа жұмысқа ауысына байланысты осыған дейін атқарған лауазымды міндеттерінен босатылған.
Айжан Есмағамбетова 1972 жылы Алматы облысында туған. Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласындағы №7 емханада фельдшер-зертханашы болып бастаған. Ол әр жылдары денсаулық сақтау саласында түрлі қызметтерді атқарған. 2022 жылы ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болып тағайындалған еді.
Үкімет қаулысымен Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне жаңа лауазымды тұлға тағайындалды. Айжан Есмағамбетованың орынын Ардақ Амангелдиев алмастырды.
Ол 1975 жылы дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Сондай-ақ Ли Куан Ю атындағы мектеп пен Д.Кеннеди атындағы Гарвард мектебінің бірлескен шеберлік бағдарламасын (мемлекеттік басқару бойынша магистр) оқыған.
Еңбек жолын 1996 жылы Қарағанды облыстық қаржы басқармасының бас маманы болып бастады. Әр жылдары Қаржы министрлігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Денсаулық министрлігінде, «Қазына» тұрақты даму қорында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында, Ұлттық банкте, Премьер-Министрдің кеңсесінде және ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет етті. 2016-2023 жылдар аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығында басқарушы кеңесшісі, АХҚО басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
Ардақ Амангелдиев енді Денсаулық сақтау министрлігінде стратегия, экономика және қаржы мәселелеріне жетекшілік етеді.