Ақтөбеде балаларға бұрыш баллонын шашқан ресейлік жасөспірім екі айға қамауға алынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Күдіктіге екі бап бойынша айып тағылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Ақтөбеде балаларға бұрыш балонын шашқан ресейлік жасөспірім екі айға қамалды. Оған тонау, бұзақылық жасау баптары бойынша айып тағылып отыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғам ішінде резонанс тудыруға әрекет жасаған жасөспірім сот процесі басталғанға дейін тергеу изоляторында отырады.

 «Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотына «А»-ға қатысты Қылмыстық кодекстің «Тонау», «Бұзақылық» баптары бойынша санкциялау туралы өтініш хат түсті. Қылмыстық іс материалына сүйенсек, жасөспірім ішімдік ішкен күйі кәмелетке толмаған «К»-нің аяқ киімін алып кеткен. Оған келтірілген шығын көлемі – 16 мың теңге. Кейін «А» бұзақылық жасап, қолындағы бұрышты газ баллонын «В» есімді баланың бетіне шашады. Өтініш хатта «А»-ның өзге ел азаматы, Қазақстанда тұрғылықты жері жоқ екенін айтылып, жазадан құтылып кету мүмкіндігі ескерілді. Тергеу соты оның балаларға қарсы аса ауыр қылмыс жасағанын, кейін қашып кетуге оқталғанын негізге алды. Ол Батыс Қазақстан облысының территориясында қолға түсті. Егер ол бостандықта қалса, қылмыстық жауапкершіліктен құрылып кетуі мүмкін. Сондықтан Тергеу соты «А»-ны екі ай мерзімге уақытша қамауға шешім шығарды», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметі.

Ұсталған күдікті 16 жаста. Оның Ресейден Ақтөбеге әкесіне келгені белгілі болды.

Еске салсақ, оқиға 6 шілдеде болған. Жасөспірім Ақтөбе қаласындағы көпірлердің бірінде ойнап жүрген балалардың бетіне бұрышты баллоннан газ шашып, кейін белгісіз бағытқа қашып кеткен. Оны құқық қорғау органдары Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтпек болғанда ұстады.

Осыған дейін Алматылық Элина Лю қазақ халқы мен тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталған еді. Сот оны араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты.  Әуезов аудандық сотының үкімінде 2023 жылы қазан айында 21 жастағы Элина Лю Тиктокта тікелей эфирде отырғанда жазылушылардың бірі оның ұлты, діні туралы сұрап, балағат сөздер жазып, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені жазылған. Жауап ретінде Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек ауылдан келген «мәмбеттер» сөйлейтінін айтқан (Ескерту! Сот «мәмбет» сөзін қазақ ұлтын және тілін кемсіту деп бағалаған). Сондай-ақ ол Алматыдағы кептелістерге ауылдан келгендер кінәлі деп айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз