Жаңалықтар

Қазақстанда ауыр жүк көлігін жүргізушілерге 100 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Жүк тасымалдау саласында 300-ге жуық заңбұзушылық анықталды / Фото: архив kursiv.media 

Қазақстанда ауыр жүк көлігін жүргізушілерге 100 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл айыппұлдардың басым бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе және Жетісу облыстарына тиесілі.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, елімізде «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік» рейдтік іс-шарасы басталған. Оның барысында ауыр жүк көліктерінің, соның ішінде самосвалдардың қозғалысына бақылау күшейтілді.

«Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу және бақылау бойынша шараның аралық қорытындылары туралы айта келе, айыппұлдардың басым бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе және Жетісу облыстарында салынғанын атап өткен жөн. Осылайша, аталған рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде шамамен 100 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салумен 293 бұзушылық анықталған. Жалпы акция басталғаннан бері көліктік бақылау инспекциялары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп 30 рет инспекция жасады», – деп хабарлады ведомство.

Ведомствоның мәлімдеуінше, ауыр жүк самосвалдары тасымалдау кезінде жол қозғалысы мен жүктерді тасымалдау ережелерін жиі бұзады. Сонымен қатар рұқсат етілген салмақ өлшеміне қатысты талаптар үнемі орындалмай жататыны атап өтілді.

Бүгінде елімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Оның 60 мыңнан астамы самосвалдар. Естеріңізге сала кетейік, ауыр жүк көліктеріне инертті материалдарды тасымалдауға рұқсат етілген норма 25 тоннаны құрайды.

Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов елдегі жалпыға ортақ автомобиль жолдарының тез бұзылуына ауыр салмақтағы көліктер себепші екенін айтқан еді. Сол үшін де Жоғары аудиторлық палата төрағасы мұндай көліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынды. Көлік саласына қатысты аудит қорытындысын оқыған палата басшысы автожол саласы бойынша жүргізілген аудит нәтижелерінің алаңдататынын айтты. 

Айтуынша, автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы 1,9 трлн теңге бөлінген. Аудит деректері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72%-ды құраған.

Ал Көлік министрі Марат Қарабаев ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін арнайы станциялар орнатылатынын мәлімдеді. Жаңа жүйе тамызда іске қосылады. Айтуынша, олар «Сергек» секілді жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта 220 камера қойылып, автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылап отырады. Сонымен бірге министр ауыр салмақтағы көліктердің жүруіне тыйым салынатынын айтты.

Сондай-ақ Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін екенін айтты.