Apple компаниясының капиталдануы алғаш рет 3,5 трлн долларға жетті
Apple компаниясының нарықтық құны сәрсенбі, 10 шілдеде, 3,5 трлн доллардан асты. Оның капиталдануы 3 трлн-нан жоғары болған бұрынғы рекордынан бері 7 ай өтті. Компания iPhone сатылымының күрт құлдырауы салдарынан 15% құнын жоғалтқаннан кейін осы межеге қайтадан жетіп отыр. 10 шілдеде электроника өндірушісі акцияларының өсуіне смартфон жеткізілімін ұлғайту жөніндегі жаңа болжам ықпал етті дейді Bloomberg. Ал Investing.com болса Needham & Company-дің мақсатты бағаны көтеруі мен инвесторлардың қыркүйекте ФРЖ пайыздық мөлшерлемесін төмендетеді деп күтуі себеп болды дейді.
Толығырақ
Apple акциялары сәрсенбі, 10 шілдеде 1,5%-ға қымбаттап, 232 долларға жетіп рекорд орнатты. Сондықтан компанияның капиталдануы алғаш рет 3,545 трлн долларға барды. iPhone өндіруші 3 трлн доллар нарықтық құнға 2023 жылдың 14 желтоқсанында жеткен болатын. 2024 жылдың басынан бері қағаздары 20%-ға өсті. Дүйсенбі, 8 шілдеде Barron’s басылымы сауда күнін 3,5 трлн-нан аса нарықтық құнмен жабатын бірінші компания Apple болуы мүмкін екенін айтқан. Ол үшін әр акциясының бағасы 228,25 доллардан асуы керек еді. Қазір Apple капиталдану жөнінен әлемдегі ең қымбат компаниялар тізімінде бірінші болып тұр.
Bloomberg агенттігі сәрсенбі, 10 шілдеде дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Apple-дің iPhone жеткізілімін 2024 жылдың екінші жартысында 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жазды. Компания сатылымға кемінде 90 млн соңғы iPhone-ды жөнелткісі келеді. Apple қиынға соққан өткен жылдан кейін жасанды интеллект функцияларының қосылғаны iPhone 16-ға деген сұранысты арттырады деп үміттенеді.
Сарапшылар не дейді?
Needham & Company сарапшылары 10 шілде күні «сатып алу» рейтингісін сақтап, Apple акцияларының мақсатты бағасын 220 доллардан 260-қа апарды. Бұлай етуіне түрткі болған – Apple 110 млрд долларға акцияларын кері сатып алады деген үміт пен жарнама бизнесінің әлеуетіне арқа сүйегені деп жазды Investing.com. Ал Needham болса Apple акцияларды кері сатып алуға ден қойып жатқанда басқа ірі технологиялық компаниялар генеративтік ЖИ инфрақұрылымына 50–100 млрд-тап қаржы жұмсап жатқанын айтады. Бұл ретте сарапшылар алдағы үш жылда «Apple табысының тоқтаусыз өсуі үлкен алаңдаушылық туғызады» деп жатыр.
Wedbush сарапшысы Дэн Айвз да қыркүйекке жоспарланған iPhone операциялық жүйесін жасанды интеллект сервистері пайда болатын iOS 18 нұсқасына жаңартуы Apple смартфондары сатылымының өсуіне түрткі болып, ЖИ әзірлеушілерінің алдынан 1,5 млрд iPhone пайдаланушыға жол ашады деп біледі. Сөйтіп, осы себептер әр Apple акциясының құнын 30-40 долларға апаруы мүмкін деп есептейді ол. Айвздің осындай жарқын болжамы бағамдардың 17%-ға өсетінін меңзейді.
Акция жайы
MarketWatch мәліметінше, Apple акцияларына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 214,9 доллар, яғни бағамдардың сейсенбі, 9 шілде күнгі сауда жабылардағы бағадан 6%-ға төмен болуы мүмкін дегені. Дей тұрғанмен, компания қағаздарын бақылайтын 47 сарапшының 31-і сатып алуды, 13-і ұстап отыруды, тек үшеуі ғана сатуды ұсынады.
Неліктен технологиялық компаниялардың акциясы өсіп жатыр?
Сәрсенбі, 10 шілдеде S&P 500 Tech индексі салалық өсім көшбасшылары арасында бірінші орынға шықты. Ал қыркүйекте ФРЖ пайыздық мөлшерлемесі төмендейді деген үміт отына реттеуші орган басшысы Джером Пауэлл май тамызғаннан кейін, Nasdaq Composite индексі 18590 тармақтық тарихи максимумға жетті. Сенаттың бейінді комитетінде сөйлеген сөзінде ол АҚШ-тың ендігі жерде қызып, күйіп кеткен экономика емес екенін, сондай-ақ мөлшерлемелерді төмендету үшін инфляцияның міндетті түрде мақсатты 2% деңгейінен төмендеуі қажет емес екенін айтқан болатын деп жазады Investing.com.
«Пауэлл біз күткеннен гөрі сәл жұмсақ позицияны алды… Ол осы аптада инфляцияның деректері жақсы болса, қыркүйек мөлшерлемелер төмендетіле бастаған ай болуы мүмкін деп нарыққа белгі берді», – деді Independent Advisor Alliance бас инвестициялық директоры Крис Заккарелли.