Инвесторлар әзірлеуші уәде еткен «импульс» лимфомасына қарсы дәрі-дәрмекке сеніп отыр
Қан, лимфома және көтеу инфекцияларына қарсы дәрі-дәрмек әзірлеуші Citius Pharmaceuticals бағамдары 10%-дан асып кетті. Компания бір препаратының сынағын аяқтағанын және екіншісін сатылымға шығаруға дайындалып жатқанын хабарлады. Егер жоспар тосыннан бұзылып кетпесе, «күшті серпін» алатынына сенімді.
Толығырақ
Citius Pharmaceuticals акциялары 10 шілдедегі саудада 10,3%-ға өсіп, 0,75 долларға барды. Бұл – соңғы айдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Себебі жыл басынан бері 1,5%-ға, соңғы 12 айда 38%-ға төмендеген.
Сәрсенбі, 10 шілде күні Citius Pharma инвесторларға Mino-Lok қан инфекцияларын емдеуге арналған антибиотиктің клиникалық сынағының соңғы кезеңін аяқтағанын және лимфомаға қарсы LYMPHIR препаратын сатуға дайындалып жатқанын айтты. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, компания активтері 2024 жылдың екінші жартысында түрленіп, күшті серпін алады деп отыр.
Citius Pharmaceuticals немен айналысады?
Citius қарқынды терапияға арнап дәрі-дәрмек әзірлейді. Mino-Lok деген қан айналымының катетерлік инфекцияларын емдеуге арналған антибиотигінің клиникалық сынағының үшінші кезеңі аяқталды. «Мұның қазір нарықта басқа мақұлданған немесе зерттеліп жатқан баламасы жоқ» деген директор Леонард Мазурдың сөзі келтіріледі хабарламада. Келесі кезең – салалық реттеуші FDA-дің мақұлдауын сұрап өтініш жазу.
Компанияның LYMPHIR деген лимфоманы емдеуге арналған басқа дәрісін FDA қарап жатыр. Егер реттеуші орган оны мақұлдаса, биыл-ақ сатыла бастайды. Ал бұл жаңа препарат болғандықтан, компанияның 12 жыл бойы оны сатуға деген айрықша құқығы болады.
«Осы қадамдар компанияға өзінің ақша ағынын оңтайландырып, ақшаға деген мұқтаждықтан құтылуға мүмкіндік беруге тиіс», – дейді Мазур.
Көтеумен ауыратын жанның жағдайын жеңілдетуге арналған үшінші препарат әзірше ерте әзірлеу сатысында.
Бұған қоса Citius Pharma өзінің онкологиялық бөлімшесін IPO-ны айналып өтіп, басқа компанияларды биржаға шығару үшін құрылған SPAC компаниясына қосу арқылы биржаға орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сарапшылар не дейді?
TipRanks 7 шілдеде Citius Pharma-ны FDA-дің маңызды шешімдерін күткен екі биотехнологиялық акцияның бірі деп атады. Maxim Group инвестициялық банкінің сарапшысы Майкл Окуневич Citius Pharma-ның FDA-дегі өтінішіне қатысты өз болжамына «оптимистік» деген сипат береді деп жазады TipRanks.
MarketWatch мәліметінше, компания қызметін екі сарапшы бақылайды. Ол екеуінің ұсынысы – акцияларды сатып алу, мақсатты бағасы – 4 доллар. Бұл 433%-ға өсу әлеуетін меңзейді.