InvestorPlace авторы 1000% өсу әлеуеті бар үш акцияны атады

Жарияланды
Creative Realities акцияларының өсу әлеуеті 1000%-ды құрайтын үш компанияның қатарында / Фото: cri.com

Кез келген инвестордың портфеліндегі жете бағаланбаған акциялар көп уақыт өткеннен кейін оған елеулі пайда әкелуі мүмкін деп жазады InvestorPlace авторы және Yiazou Capital Research қор нарығын зерттеу платформасының негізін қалаушы Яннис Зурмпанос. Ол 2026 жылға қарай акцияларының 1000%-ға өсу әлеуеті бар үш арзан компанияны атады. Оның екеуі соңғы кезде жалпы пайда мен маржа мөлшерін едәуір ұлғайтты, үшеуінің де болашаққа арналған қоры бар.

Energy Services of America

Капиталдануы 116,6 млн доллардан тұратын компания газ, мұнай және автомобиль өнеркәсібіне арналған инфрақұрылымдық құрылыспен айналысады. 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында (31 наурызда аяқталды) жалпы пайда жылдан жылға 60%-ға ұлғайып, 6,2 млн доллар болды. Осы өсу қарқыны басшылықтың шығынды бақылап отырғанын, ал жалпы пайданың өсуі бизнестің нақты пайда әкеле бастағанын көрсетеді деп жазады Зурмпанос.

Creative Realities

Капиталдануы 48,6 млн долларлық компания клиенттерге сандық маңдайшалар мен оларға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынып, сандық маркетингте жұмыс істейді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалпы пайдасы 5,8 млн доллар болды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл – 14%-ға артық көрсеткіш. Creative Realities-тің қызмет көрсетуден түсімі өсіп, болашаққа негіз салды: сандық маңдайшаларды орнатты, олар алдағы уақытта жазылудан тұрақты табыс әкелетін болады. Компания өзінің 2024 жылғы тұрақты табысын (ARR) 20 млн доллар болады деп болжап отыр.

8 шілдеде Creative Realities 1 шілдеден бастап акцияларының микрокапитализациялы компанияларға арналған Russell Microcap индексіне енгенін хабарлады. 9 шілдедегі саудада акциялары 4,73%-ға өсіп, әрбірі 4,65 доллар болды.

Outlook Therapeutics

Капиталдануы 178,1 млн долларлық Outlook Therapeutics моноклоналдық антиденелер негізінде офтальмологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек әзірлейді. Бұл компанияның әлеуеті препараттарын реттеушілердің мақұлдағаны мен сатылымға түсе бастауында жатыр деп түсіндіреді Зурмпанос. Ең негізгі үкілеген үміті – ылғалды макулярлық деформацияға арналған бевацизумаб негізіндегі препаратын сатуға мамыр айында Еуропалық одақ рұқсат берді, сатылымның басталуы 2025 жылға жоспарланған. Әзірге дәрі АҚШ-та клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Жуырда ғана компания жеке орналастыруды 172 млн доллармен жапты деп еске салады Зурмпанос.

Сондай-ақ оқыңыз