Жаңалықтар

Илон Масктің бірінші ми импланты сәтсіз шыққан стартапы – Neuralink екіншісін салуға дайын

Neuralink биылғы жылдың соңына дейін бірнеше пациентке ми имплантын саламыз деп үміттенеді / Фото: Jakub Porzycki/NurPhoto/Reuters

Илон Маскке тиесілі Neuralink нейротехнологиялық стартапы шамамен бір аптадан кейін екінші пациенттің миына имплант салуды жоспарлап отыр. Стартаптың мақсаты – сал болып қалған адамдарға көмектесу. Алғашқы науқасқа Neuralink өзінің құрылғысын биылғы қыста әзірлеген. Қазір имплант пен ми арасындағы дерек беру арнасының тек 15%-ға жуығы ғана жұмыс істеп тұр.

Толығырақ

«Ми компьютер интерфейсін (Brain-Computer Interface, BCI) әзірлеумен айналысатын Neuralink өзінің құрылғысын екінші пациентке «келесі аптада немесе соған таяу» салуды жоспарлап отыр», – деп мәлімдеді Маск стартаптың жетекші қызметкерлерімен бірге өткен тікелей эфирде. Оның айтуынша, компания өзінің құрылғысын биыл пациенттің «жоғары бір таңбалы санына» салуға үміттенеді деп хабарлайды Bloomberg.

Эфирде Neuralink жетекшілері импланттың дәл қазіргі және салдық пен ұмытшақтықтан құтқару секілді болашақтағы мүмкіндіктерін әңгімеледі. Олар сондай-ақ Аризона тұрғыны Ноланд Арбоға бірінші имплантты салғаннан кейін болған сәтсіздіктерді айналып өту үшін келесіде ота жасау барысында не тәсіл қолданатынын айтып берді.

«Ұзақмерзімді мақсат – жасанды интеллектінің өркениеттік тәуекелін азайту, – деді Маск. – Neuralink бұл мәселені адам интеллектісі мен сандық интеллектінің тығыз симбиозын жасау арқылы шешпек». Масктің айтуынша, түпкі ой – «адамдарға ерен қабілет беру».

Neuralink мейлінше тезірек бас сүйек-миы, жұлыны жарақаттанған адамдарға ой күшімен телефонды және компьютерді басқару мүмкіндігін беруге ұмтылады. Маск сондай-ақ науқастарда ескі үлгідегі имплантты жаңасына ауыстыру мүмкіндігі болуға тиіс екенін айтты.

«Мәселен, iPhone 1 емес, iPhone 15 алғыңыз келеді ғой, солай емес пе?» – деді Маск.

Бірінші импланттың кілтипаны

Алғаш рет қаңтар айында Neuralink жазым болып, екі аяғынан сал болып қалған 29 жасар Ноланд Арбоға BCI имплантын салды. Сәуір айының ортасында ота «өте сәтті» өткен деген мәлімдеме жасады. Бірақ бірнеше аптадан кейін стартап импланттың ішінара істен шыққанын хабарлады. Импланттың нейрондық сигналдарды санайтын бірнеше жібі ми тінінен ажырап, ақпаратты өңдеу жылдамдығы мен ойлау күшімен берілетін командалар дәлдігінің көрсеткіші – bps төмендеген. Мәселені шешу үшін Neuralink бағдарламалық алгоритмдерді жетілдірді де, сосын құрылғы бұрынғыдан да жақсы жұмыс істей бастады деп хабарлады.

Ал кешегі эфирде Маск пен Neuralink басшылары Арбо имплантындағы дерек беру арнасының 15%-ға жуығы ғана жұмыс істейтінін айтты. Соның өзінде пациент BCI-ді видео көру, мәтін оқу, шахмат пен басқа да видео ойындар (кейде аптасына 70 сағатқа дейін) ойнауға пайдаланады.

Контекст

BCI ғылыми ортада ондаған жыл бойы зерттеліп келеді. Neuralink-тен басқа да ми компьютер жасап жатқан компаниялар бар, олар: Synchron, Paradromics және Precision Neuroscience. CNBC бұлардың ешқайсысы АҚШ Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасынан (FDA) өз құрылғысын коммерцияландыруға рұқсат алмағанын айтады.