Қазақстандықтар алдағы уақытта елдегі инфляция қарқын алады деп болжайды. Ұлттық банктің пікіртеріміне қатысқан респонденттер алдағы 12 айда инфляция 13,3% болады деп пікір білдірген.
Бір ай бұрынғы сауалнамада респонденттер инфляция 12,7% деңгейінде қалыптасады деп тұжырымдаған. Сезілетін инфляцияның кейінгі 12 айдағы медианалық мәні 13,4%-ға дейін төмендеді.
2024 жылғы маусымда азық-түлік қымбаттағанын айтқан респонденттердің үлесі 75,1%-ға дейін төмендеді. 2024 жылғы мамырда олардың үлесі 77% болған. Сонымен қатар, ақылы қызмет бағасы өскенін айтқан респонденттер үлесі 10,4%-ға дейін өсті.
Сауалнамаға қатысқандар азық-түліктен – ет және сүт өнімдері, сондай-ақ жеміс пен көкөніс, нан-тоқаш өнімдерінің бағасы қымбаттағанын айтқан. Азық-түлік емес тауарлар ішінде респонденттер дәрі-дәрмек пен жуып-тазалауға арналған химиялық өнімдердің, киім мен аяқкиім құны өскенін жеткізді. Ақылы қызметтерден тұрғын үй коммуналдық қызметі, интернет және ұялы байланыс қызметі, медициналық қызмет алу қымбаттағаны көп байқалған.
2024 жылғы маусымда тұтыну көңіл-күйі индексі 112,2-ке дейін өсті Ммамырда бұл көрсеткіш 111,4 деңгейінде қалыптасқан. Сауалнамаға қатысқандар алдағы уақытта елдің экономикалық дамуы артады деп сенім білдірген.
Маусым айында Қазақстандағы жылдық инфляция 8,4%-ды құрады. Ал айлық инфляция 0,4 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Айлық инфляция көрсеткіші мамырмен бірдей. Алайда еліміздің 9 бірдей өңірінде инфляция республикалық деңгейден жоғары қалыптасқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ақылы қызмет ақысы бір жылда 13,8% өскен. Азық-түлік емес тауарлар бағасы– 7,4% (2024 жылғы мамырда – 7,6%) көтерілген. Ал азық-түлік тауарларының бағасы 5,4% өскен.
Былтырғы маусыммен салыстырғанда коммуналдық қызмет бағасы қатты қымбаттағаны байқалады. Су бұру бағасы – 43,5%, суық су – 36,7%, орталықтан жылыту – 33%, электр энергиясы – 31,7%, қоқыс шығару – 30,7%, ыстық су 30,4% өсті. Тұрғын үйді жалға алу құны да 11,1% қымбаттаған.
Маусым айында еліміздің 9 өңірінде инфляция респуликалық деңгейден асып тұр. Қарағанды облысында елдегі ең жоғары көрсеткіш қалыптасқан. Бұл облыстағы инфляция -10,8 пайыз. Ал Маңғыстау облысындағы инфляция 10,3 пайызды құрайды. Үштікті Астана қаласы түйіндейді. Бас қаладағы жылдық инфляция – 10,1%