Тәулігіне 104,46 млн баррельге дейін: ОПЕК биыл әлемде мұнайға деген сұраныс артады деп болжайды
ОПЕК ұйымы биыл әлемде мұнайға деген сұраныс артады деп болжайды. Жыл соңына қарай сұраныс тәулігіне 2,2 миллион баррельге артып, 104,46 миллион баррельге дейін жетуі ықтимал.
«2024 жылы әлемдік мұнай сұранысының өсу болжамы тәулігіне 2,2 миллион баррель болжамынан өзгеріссіз қалды», – делінген ұйым есебінде.
2023 жылы мұнайға деген сұраныс тәулігіне 102,21 миллион баррельді құраған. Биыл бұл көрсеткіш тәулігіне 104,46 миллион баррельді құрауы ықтимал.
Бұндай өсімге ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдердегі экономикалық белсенділікпен, сондай-ақ әуе тасымалы мен көлік құралдары қатарының артуы себеп болмақ.
Бұған қоса, баяндама авторларының пікірінше, Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс және Азияның басқа елдерінде дистилляттар мен тасымалдау отынына деген қажеттілік мұнайға сұранысты арттырады.
2025 жылы ОПЕК әлемдік мұнай сұранысының тәулігіне 1,8 миллион баррельге артады деген болжам бар. ЭЫДҰ аймағында сұраныс тәулігіне шамамен 0,1 миллион баррельге, ал ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде тәулігіне 1,7 миллион баррельге өсуі ықтимал.
Бұған дейін АҚШ Энергетика министрлігі Қазақстанның мұнай өндіруге қатысты болжамын төмендеткен болатын. Ведомствоның шілде айындағы болжамына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда тәулігіне 1,92 млн баррель сұйық көмірсутегі өндіріледі. Маусымда бұл көрсеткіш тәулігіне 1,95 млн баррель болған.
Бұл ретте 2024 жылдың бірінші тоқсанында мұнай өндіру болжамы тәулігіне 2 млн баррель (маусымда – 2 млн баррель) болмақ. Ал екінші тоқсанда – 1,95 млн баррель (маусымда – 1,93 млн баррель), үшінші тоқсанда – 1,87 млн баррель (маусымда – 1,93 млн баррель), төртінші тоқсанда – 2 млн баррельді (маусымда – 1,95 млн баррель) құрайды.