Әрбір автокөлікке жеке беріледі: Көлік министрлігі отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін беру қағидасы өзгертті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Шетелдік рұқсат бланкілерін беру ережесі өзгерді / Фото: shutterstock

Көлік министрлігі отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа тәртібін әзірледі. Енді отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілері еш шектеусіз берілмек.

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі шетелдік рұқсат бланкілерін алу туралы сұраныс әрбір автокөлік құралына жеке берілетінін атап өтті. Сондай-ақ қағидада көзделген талаптардың бірі – көрсетілетін қызметті алушының міндетті түрде куәлігі мен рұқсат карточкасының болуы.

Министрлік бұл шаралар адами фактордың алдын алып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді деп санайды. Автокөліктің кіріп-шыққаны «Бүркіт» ақпараттық жүйесінде тікеледі. Бұл шетелдік рұқсат бланкілерін көлеңкелі нарықта қайта сатудың алдын алуы тиіс.

«Енгізіліп жатқан жүйеде тасымалдау тарихы мен көліктің белсенділігі бойынша шектеулер жоқ, сондай-ақ көлеңкелі нарықта қайта сату үшін алғышарттар толығымен алынып тасталғанын атап өту қажет. Бланкілерді бөлудің қолданыстағы жүйесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда алынған бланкілердің 50%-ы тасымалдаушыға олардың өткен жылғы жұмысын ескере отырып бекітіледі, ал қалған 50%-ы резервтік бланкілер санатына ауысады және оларды барлық тасымалдаушы ала алады», – делінген хабарламада.

Қолданыстағы жүйеде бланкілер белгілі бір тасымалдаушыға бекітіліп, ал бұл еркін бәсекелестікті шектейтін. Сонымен қатар бланкілер бұрын-соңды халықаралық тасымалдарда жұмыс істеген автомобильдерге ғана берілетін. Осының нәтижесінде бланкілердің жасанды тапшылығы пайда болды. Ал адал қызмет атқарып жүрген тасымалдаушылар тасымалдауға арналған жүк болғанның өзінде бланк ала алмайтын.

Шетелдік рұқсат бланкілерін беру мен қайта сатуды болдырмас үшін оларды отандық тасымалдаушыға беру кезінде заңды немесе жеке тұлғаның аты-жөні көрсетіледі. Рұқсат бланкілерін үшінші тұлғаларға беру немесе отандық тасымалдаушының басқа отандық тасымалдаушының рұқсат бланкілерін пайдаланғаны үшін алты ай мерзімге рұқсат бланкілерін алуға шектеу қойылады.

Енді қазақстандық автотасымалдаушылар Қытайдың ірі жүк қалалары мен халықаралық теңіз порттарына дейін бара алады. Сәйкесінше, Қазақстан жолдарында қытайлық автотасымалдаушылар көбейеді. 

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдаған. Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытайдан ЕО елдеріне контейнерлік транзиттің өтуі 3,4 есе артқан. 

Сондай-ақ оқыңыз