Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 18,3%: Көлеңкелі экономиканың ұлттық экономикаға әсері қандай?
«Қадағаланбайтын нарық» деп аталатын «көлеңкелі экономика» – ресми мемлекеттік реттеусіз жұмыс істейтін және бақылаушы органдардан әдейі жасырылған экономикалық қызметтің жиынтығы. Іс жүзінде, бұл әрекеттер кең құқық бұзу спектрін қамтиды. Соның ішінде заңға қайшы келетіндері де бар: заңсыз тауар өндіру және айырбастау, бопсалау және пара алу. Одан бөлек, қызметкер жалақысын қолма-қол беру, ұсынылған қызмет пен тауар ақшасына чек бермеу, қызмет құнын тек қолма қол ақшамен, алу, салықтан жалтару да бар. Бұл транзакцияның бәрі мемлекеттік қадағалау мен бақылаудан тыс өтіп жатады. Сонымен қатар ресми ережелер мен өзге ережелерді айналып өтіп, көбінесе ресми статистикада көрінбейді.
Ел үкіметтері салық түсімдерінің жоғалуы, өнімділіктің төмендеуі және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі сияқты мәселелермен байланысын ескере отырып, көлеңкелі экономиканы шектеуге тырысып бағады. Бұл экономикалық әрекеттер өте жақсы жасырылғандықтан, оларды анықтау, олардың ауқымын қадағалау және бұл мәселені тиімді шешу үшін кешенді жұмыстар атқарып келеді.
Әлемдегі көлеңкелі экономика ең төмен ел – Швейцария болса, ең жоғарысы Ауғанстанда тіркелген.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен ResearchGate зерттеу ұйымының ақпаратына назар аударсақ, көлеңкелі экономиканың ең төмен мөлшері – (5,81%) Швейцарияда тіркелген. Әлемдегі ең дамыған «үлкен жетілік» (G7) елдерінің ЖІӨ-ні бақыланбайтын экономика көлемі 9-10% көлемінде қалыптасып отыр. Еуроодақ елдерінің көлеңкелі экономика үлесі 17,29%-ға жеткен. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттерінің үлесі – 8,31%-ды құрап отыр.
Кейбір мемлекеттерде көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 1/3 бөлігін алып жатыр. Түркия, Болгария, Өзбекстан, Үндістан елдерінің бақыланбайтын экономика көлемі 33-43% аралығында қалыптасып келеді. Нигерия және Ауғанстан елдеріндегі көлеңкелі экономика 64,13% және 72,11% пайызды құрап, әлемдегі ең жоғары мәнді көрсетті.
Сондай-ақ ХВҚ-ның 150 елді қамтитын дерегіне негізделген BCG талдауы орта есеппен жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі төмен елдерде көлеңкелі экономиканың үлесі басым екенін байқатты. Бұл көрсеткіш, әдетте, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 30%-дан астамын құрайды. Бұл елдерде кедейлік пен жұмыссыздық жоғары. Эндемиялық табыс теңсіздігімен қатар, табысы төмен адамдарға күнкөріс үшін көлеңкелі экономикаға бет бұруына алып келеді. Ал кірісі жоғары елдерде көлеңкелі экономика жан басына шаққандағы ресми ЖІӨ-нің шамамен 7-10%-ын құрайды. Демек неғұрлым дамыған, қуатты экономикада «қадағаланбайтын экономика» көлемі де аз болады.
Өңірдегі көлеңкелі экономика
Қазақстанда Түркістан облысын көлеңкелі экономика қатты дамыған өңір деп айтуға болады. ҰСБ мәліметінше, бұл облыста жалпы өңірлік өнімдегі бақыланбайтын экономика көлемі 33,9%-ға жеткен. Сондай-ақ Жетісу облысы да 32,0% пайызбен ең жоғары үлестің біріне ие. Ал, керісінше Маңғыстау, Ұлытау, Атырау облыстары 12,97%, 12,25% және 11,19% нәтижемен төменгі көрсеткіш көрсеткен.
Алматы, Астана қалалары мен Атырау, Қарағанды облыстары – ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономикадағы үлесі басым өңірлер. Оған бұл өңірлердің экономикалық қуаты мен көлемі жағынан үлкендігі басты фактор болып отыр. Мәселен, Алматы қаласының ЖӨӨ-гі көлеңкелі экономикадағы үлесі 21,83% болғанымен, республикалық ЖІӨ-нің 1/5 құрап отырған Алматы қаласының республикадағы көлеңкелі экономикадағы үлесі айтарлықтай жоғары. ҰСБ мәліметінше еліміздегі көлеңкелі экономиканың 18,3%-ның 4,03%-ы – Алматы қаласына, 1,96% – Астана қаласына, 1,48% және 1,02% Атырау мен Қарағанды облыстарына тиесілі.
Бюджет тапшылығы
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018-2021 жылдары ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 27,03% дан 19,75%-ға дейін түсу әсерінен үш жылда мемлекет бюджетіне қосымша 2 трлн теңге қаражат түскен. Есептелмеген кірістер мен транзакциялар салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі. Бұл Үкіметтің мемлекеттік қызмет пен маңызды инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру мүмкіндігіне кедергі жасайды. Осылайша, көлеңкелі экономикадағы айналым жергілікті және республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің азаюына алып келеді. Ал бұл жыл сайынғы салынбаған инфрақұрылымдар, әлеуметтік төлемдер, бюджеттік инвестициялар.
Үкімет жоспары
Елімізде «бақыланбайтын экономика» көлемі біртіндеп азайып келеді. Мәселен, ҰСБ статистикасына назар аударсақ, ЖІӨ көлеңкелі экономика 2017 жылдан бері тұрақты төмендеген. Соңғы деректер бойынша, 2022 жылы көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі мөлшері 18,3%-ға жетіп отыр. Үкімет былтыр «Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті. Атқарушы билік көлеңкелі экономика айналымын ЖІӨ-ге шаққанда 2023 жылы – 18,2%, 2024 жылы – 16,6% және 2025 жылы 15,0%-дан асырмауды міндет қойды.
Дүние жүзіндегі үкіметтер өздерінің көлеңкелі экономикаларымен күресу үшін әртүрлі стратегияларды қабылдап келеді. Оның қатарында еңбек нарығындағы шектеулерді жеңілдетуден бастап қадағалауды күшейту және қатаң жазалар салуға дейін бар. ХВҚ мәліметінше, әмбебап шешім жоқ. Әрбір тәсіл нақты елдің контекстіне бейімделуі керек екеніне назар аударады.
Ұлттық экономикаға кері әсері
Көлеңкелі экономика мемлекеттік кірістердің айтарлықтай жоғалуына әкеледі. Транзакциялардан түсуі тиіс салықтар мен алымдар өткізілмейді, бұл бюджетке кері әсер етеді.
Салық жүйесіне деген сенімнің төмендеуі: Көлеңкелі экономика салық жүйесінің жағымсыз имиджін тудырады. Өйткені адал салық төлеушілер басқалардың салық міндеттемелерінен жалтарып жатқанын көргенде теңсіздік пен әділетсіздікті сезінеді. Есептелмеген кірістер мен транзакциялар салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі. Бұл Үкіметтің мемлекеттік қызметтерді және маңызды инфрақұрылымды қаржыландыру мүмкіндігіне кедергі жасайды
Нарықтың бұрмалануы: Көлеңкелі экономика нарықтық конъюнктураны бұзады, Өйткені заңсыз операциялар салық төлемей немесе стандарттарға сәйкес келмей ресми бизнеспен бәсекелесе алады.
Еңбек жағдайларының нашарлауы: Көлеңкелі экономикада көбінесе әлеуметтік қорғау және еңбек құқықтарының кепілдіктері жоқ. Бұл жұмысшылардың қанауына және төмен жалақыға әкеледі. Көлеңкелі экономикамен айналысатын жұмысшылар, әдетте, ең төменгі жалақы, қауіпсіздік стандарттары және әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемақылары сияқты құқықтық қорғаудан айырылып, оларды қанау мен әділетсіз қарым-қатынас қаупіне ұшыратады.
Инвестициялардың төмендеуі: Жасырын экономикаға байланысты төмен кірістер білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға және басқа салаларға мемлекеттік инвестицияларға аз қаражатты білдіреді.
Экономикалық өсуге кедергі: Көлеңкелі экономиканың таралуы тұрақты экономикалық өсу мүмкіндіктерін шектейді, өйткені ол бюджет пен нарықта белгісіздік пен тұрақсыздықты тудырады. Көлеңкелі экономика аясындағы көптеген іс-әрекеттер тиісті заңды мойындаусыз немесе тіркеусіз жұмыс істейді. Сондай-ақ көлеңкелі экономика ұлттық қауіпсіздікке қауіпті сала болып отыр. Жасырын экономика қылмыстық әрекеттерге, соның ішінде ақшаны жылыстатуға, салық төлеуден жалтаруға және терроризмді қаржыландыруға пайдаланылады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіреді.