Былтыр өртке оранған «Семей орманы» филиалының директоры ұсталып, орманды заңсыз отады деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілген. Бұл туралы Ішкі істер министргі хабарлайды.
Тінту барысында оталған ағаш, ағаш өңдеу станоктары, ақша мен құжаттар тәркіленген. Күдіктілер қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Орманды жымқырды деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді. Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Қаңтар айында Павлодар облысында «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ ұсталған
2023 жылдың 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығын алапат өрт жайлады. Өртті сөндіруге кеткен 15 адам қаза тапты.
11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.