«Ақ көйлекпен алып кетіп, ақ кебінмен қайтарды». Бішкекте қайтыс болған Айтұрған Маматқұлованы Салтанат Нүкеноваға теңеп жатыр
Ош қаласының тұрғыны Айтұрған Маматқұлова белгісіз жағдайда қайтыс болғаннан кейін желіде оны «Жаңа Салтанат Нүкенова» деп атап жатыр. Қыздың туыстары оның өліміне күйеуін кінәлап отыр.
Қырғызстандық Нұрлиза Сейітова 9 шілдеде өзінің әпкесі, 26 жастағы Айтұрған Маматқұлованы «оның күйеуі – Т.Н. өлтірді» деп бейнеролик жариялады. Ерлі-зайыптылар 2023 жылдың жазында некелескен. Айтұрған 2024 жылы 7 шілдеде Бішкектегі №4 ауруханада қайтыс болды. Нұрлизаның айтуынша, әпкесі күйеуі мен оның отбасы тарапынан моральдық және физикалық зорлық-зомбылық көрген.
Айтұрған ауруханаға сағат 00:30 шамасында келіп, таңғы 4:55 қайтыс болады. Т.Н. әйелі қайтыс болғанын тек сағат 10:00 хабарлаған. Кактус.media-ға сұхбат берген Нұрлиза жездесі 7 шілдеде Айтұрғанмен бірге Бішкектен Ыстықкөл қаласына барғанын айтады. Ерлі-зайыптылар қонақүйлердің бірінде қалған.
Нұрзиланың сөзінше, жездесі «Айтұрған өз-өзіне қол жұмсады» деп хабарлаған.
«Ол өз жұмысымен кетіп, Айтұрғанды жалғыз қалдырған. Бір сағаттан кейін қайтып келгенде төсекте жатқан Айтұрғанды көрген. «Ол ішім ауырып жатыр» деген-мыс. Содан кейін, жездемнің айтуынша, таблеткалардың бос пакеттерін көріп, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Әпкем ауруханаға келгенде дәретханаға барып, одан кейін реанимацияға түсіпті-мыс», – делінген Кактус.Мedia сұхбатында.
Айтұрғанның туыстары дәрігерлердің ата-анасының рұқсатынсыз аутопсия жүргізген медициналық сараптамадан кейін білген.
«Аурухананың бас дәрігері Айтұрғанның ес–түссіз және импульссіз ауруханаға жеткізілгенін, ал Т.Н. ол өзі аурухананың үшінші қабатына көтеріліп, есін жиғанын айтты», – деп қосты қыз.
Нұрлизаның айтуынша, әпкесінің денесінде соққыдан көгерген жарақаттар, басында жараның іздері болған. Марқұмның туыстары өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді. Нұрлиза қайтыс болардан біраз бұрын Айтұрғанмен сөйлескенін, оның жақсы көңіл-күйде болып, Instagram-да сторис жариялағанын айтады.
Айтұрғанның туыстарының айтуынша, Т.Н. әкесі Наркул Абдуллаев Ош қаласында адвокат болып жұмыс істейді және істі жабуға тырысады.
Айтұрғанның құрбысы отбасылық өмір кезінде оның денесінде көгерген жерлерді байқағанын айтады. Айтұрған гематомалардың себептері туралы айтудан бас тартқан.
«Не болғанын сұрадым. Ол әзілмен «ұрды» деп жауап берді. Одан шындықты айтуын сұрадым, қолдау көрсететінімізді айттым, бірақ ол ештеңе демеді. Тек әзілдеді. Жылады, бірақ айтқысы келмеді», – деді марқұмның құрбысы «Азаттық» журналистеріне.
Марқұмның анасы Гүлшайыр Сейітова күйеу баласы есірткіге мас күйінде қызын ұрғанына сенімді. Бұл туралы өз сұхбатында айтқан. Оның күйеу баласы БАҚ-қа түсініктеме берген жоқ. Ер азаматтың әкесі қайтыс болған қыздың туыстарының айыптауларын жоққа шығарады.
Әлеуметтік желі қолданушылары Айтұрғанды Қазақстанда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкеновамен салыстырып, марқұмның үйлену тойындағы бейнежазбаларға #ЗаАйтурган хэштегтерін қосып, «Ақ көйлекпен алып кетіп, ақ кебінмен қайтарды» деген жазбалар қалдырып жатыр. Екі күн ішінде TikTok za_aiturgan аккаунтына 13,5 мың адам жазылған.
Интернет қолданушылары Айтұрғанның отбасылық өміріндегі бейнежазбаларды таратып жатыр. Олардың бірінде Айтұрған күйеуінің әпкесімен сөйлесіп, қайын әпкесі оған күйеуінің мінезіне төзу туралы айтқан. Instagram-дағы za_spravedlivost_aityrgan парақшасына екі күнде 35 мың адам жазылған.
Бішкек қаласы Ленин ауданының ІІБ тергеуге дейінгі тексеруді бастады. Қырғызстан омбудсмені Джамиля Джаманбаева істі өзінің жеке бақылауына алған.
Еске сала кетсек, кеше 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған.