Байқоңыр ғарыш айлағына заңсыз өткен үш шетелдік азамат ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Байқоңыр ғарыш айлағына заңсыз өткен үш шетелдік азамат ұсталды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Артур Алескеров

Байқоңыр ғарыш айлағының аумағына заңсыз кірген екі Нидерланды және бір Бельгия азаматы ұсталды. Полиция олардың тыңшылыққа қатысы бар-жоғын тексереді. Ақпаратты «Курсивке» Қызылорда облысының полиция департаменті растады.

«Қазіргі уақытта аталмыш факт бойынша Ресей Федерациясының Байқоңыр кешені бойынша тергеу комитеті тергеу жүргізуде», – делінген хабарламада.

Полиция департаменті тергеу жүргізу қазақстандық полицияның құзырында емес екендігін жазды. Себебі ғарыш айлағының территориясындағы қауіпсіздікті Ресей Федерациясы қамтамасыз етеді.

SHOT Telegram-арнасының ақпаратына сүйенсек, үш азамат 9 шілдеде Байқоңыр монтаждау-жанармай құю кешенінде ұсталған. Олар полицияға ғарыш айлағына заңды түрде рұқсат қағазымен келгені туралы құжаттарды көрсете алмаған.

Ұсталғандардың екеуі Нидерланды азаматтары, олардың есімдері Мартин Н.В. (25 жаста) және Оомс С. Н. (29 жаста), үшіншісі – Холбен Л. Д. (26 жаста) Бельгия азаматы.

Арнаның жазуынша, полиция шетелдіктердің ғарыш айлағына қалай кіргенін анықтап, тыңшылық әрекет жасауға қатысты тексеру де жүргізеді.

«Әзірге олар қорғалатын объектіге заңсыз кіргені үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынады», — деп жазған Telegram арна.

«Курсив» Байқоңыр әкімшілігіне, «Роскосмос» корпорациясына және Нидерланды мен Бельгия елдерінің Қазақстандағы елшіліктеріне ақпаратты растау үшін жүгінді. Материал шыққан кезге дейін ешқандай түсініктеме келіп түскен жоқ.

Байқоңыр – әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. КСРО-да 1957 жылы құрылып, жұмыс істей бастады. Ғарыш айлағы Қызылорда облысында орналасқан және зымыран тасығыштарды ұшыруға арналған тоғыз типті 15 ракета ұшыру кешені бар. 1994 жылдан бастап Ресей ғарыш айлағын Қазақстаннан жалға алып келеді. Тараптар арасындағы келісім 2050 жылға дейін созылған. Жыл сайын Ресей Байқоңырды жалға алу үшін 115 миллион доллар төлейді.

Еске сала кетсек, ақпанда «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізілген болатын. Оған сәйкес 2027 жылға дейін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағыш зымыранын кемінде 3 рет сынақтан өткізу жүзеге асырылады. Сондай-ақ хаттамада бірлескен кәсіпорынды «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенін жалға алған және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл өткенге дейін корпоративтік табыс салығын төлеуден босату мәселесі қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз