Брокерлерге ресейлік құнды қағаздарды қазақстандық депозитарийден алып кету ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ресейлік қағаздарды қазақстандық депозитарийден шығару керек / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық бағалы қағаздар орталық депозитарийі (KCSD) брокерлер мен басқарушы компанияларға KCSD-дағы ресейлік қағаздарды алып кетуді ұсынды. Ұсыныстың басты себебі АҚШ-тың Ресей ұлттық есеп айырысу депозитарийіне санкция салуы болып отыр. Ақпаратты «Курсивке» қазақстандық депозитарий растады.

Депозитарий RU (халықаралық бағалы қағаздың сәйкестендіру коды) кодтары бар ISIN бағалы қағаздары туралы айтып отырғанын атап өтті. Бұл бағалы қағаздардың соңғы есебі ресейлік депозитарийде жүзеге асырылғанымен, қазақстандық депозитарий номиналды ұстаушы болып келген.

«Орталық депозитарий RU коды бар ISIN бағалы қағаздар бойынша бұйрықтарды орындаудағы ықтимал шектеулер мен қиындықтар туралы клиенттерді алдын ала хабардар етеді», – деп жауап берді депозитарий.

Брокерлер 10 тамызға дейін депозитарий ескертулерін орындауы қажет. Себебі АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық шектеулері 13 тамызда күшіне енеді. Қазақстандық депозитарий клиенттердің бағалы қағаздарды алып кету туралы өтінішін үш күн ішінде орындайтын болады. 

Орталық депозитарий әрбір өтінішті қарау кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді бағалау тұрғысынан қағаздарды алып кету туралы клиенттердің өкімдерін орындау мүмкіндігін қарастыратынын атап өтті.

Шілде айының басында ресейлік Frank Media басылымы ресейлік брокерлер 2023 жылы жалпы көлемі шамамен 1,1 трлн рубль (немесе 5,8 трлн теңге) болатын бағалы қағаздарды Қазақстанға аударғанын жазған. «Курсив» осы сандарға байланысты қазақстандық депозитарийден ақпарат сұрағанда, депозитарий оны жоққа шығарып, тек 81,2 млрд теңге бағалы қағаз аударылғанын атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға толыққанды басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің Ұлттық компанияларымен банктеріне санкция салды.

12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын (MOEX брендімен жұмыс істейтін) SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз