Жаңалықтар

Қазақстандықтар енді тұрғын үй алу үшін ақшаны «Отбасы банкінен» басқа банктерде де жинай алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі баспана алуға қатысты түзетулер әзірледі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандықтарға баспана алу үшін коммерциялық банктерде ақша жинақтау мүмкіндігі берілмек. Бұл туралы «Курсив» порталына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

«Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік органдармен және банктермен бірлесіп, тұрғын үй құрылыс жинақтарын коммерциялық банктерде ашу мүмкіндігін көздейтін, сондай-ақ аталған жинақтарды тарту және тұрғын үй заемын беру, оларды есепке алу және нысаналы пайдалануды қамтамасыз ету талаптарын ескеретін түзетулер әзірледі», – деп хабарлады реттеуші.

Ведомствоның дерегінше, қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін түзетулер заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады.

Бұған дейін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылдан 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығындағы ипотека нарығына талдау жүргізді. Осы ретте монополияға қарсы агенттік «Отбасы банктің» ипотека нарығындағы үлесін төмендетуді ұсынды.

Талдау бойынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несие нарығында 4 банк тұрақты жұмыс істейді. Олар бірігіп үстем жағдайға ие. Атап айтқанда, бұл «Отбасы Банк», «Банк ЦентрКредит», Bereke Bank және Freedom Bank. Нарықтағы бәсекелестікті арттыру үшін Агенттік бірқатар шаралар қабылдауды ұсынады. Біріншіден, қарыз алушының әлеуметтік жағдайына назар аудара отырып, ипотекалық несиелерді мақсатты субсидиялау.

Еске сала кетсек, «Отбасы банк» даму институтына айналады. Мұның бәрі Мәжілісте «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы аясында қарастырылуда.