Аптап ыстыққа байланысты Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы шектелді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Биыл Еуропадағы температура маусымдық нормадан әлдеқайда жоғары / Архив: kursiv.media

Еуропадағы аптап ыстық кей мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті шектеді. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

Еуропалық ауа райын болжау орталығының мәліметінше, Варшавада осы демалыс күндері максималды температура 35°C-тан асуы мүмкін. Бұл көрсеткіш елдің негізгі отын жеткізушісі «Орлен SA» компаниясының тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Бұдан жоғары температурада Польша, Чехия және Литвадағы жеті мұнай өңдеу зауыты жұмыс істей алмайды. Грекия орман өрттерімен күресуде және Афиныдағы температура алдағы апталарда 40С-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Биыл Еуропадағы ауа температурасы маусымдық нормадан әлдеқайда жоғары және болжам бойынша ол жақын арада өзгере қоймайды. Швецияның ең ірі мұнай өңдеу зауыты да климаттың өзгеруі отын өндіруді қиындатып жатқанын хабарлады.

Әлемнің 32 елінде жұмыс істейтін аустралиялық Macquarie Group инвестициялық банкі аптап ыстыққа байланысты еуропалық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысындағы кідірістер салдарынан 2023 жылы тәулігіне 1 млн баррельге жуық мұнай өңделмеген деп есептейді. Бұл қалыпты деңгейдің 10%-ына тең.

«Еуропалық мұнай өңдеу зауыттары 1960 және 1970 жылдары жобаланған. Содан бері жаһандық температура жылынып кетті», – деді Wood Mackenzie Ltd консалтингтік компаниясының өңдеу, химия және мұнай нарықтары жөніндегі вице-президенті Алан Гельдер.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсілді атады. Оның айтуынша, метан қалдықтарын азайту – жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл. Сондықтан Қазақстанның Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға шешім қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыз